Түскі ұйқыдан соң оянбады: Талғардағы 4 жасар қыздың оқиғасына қатысты жаңа деректер шықты
Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі Талғардағы 4 жасар қыздың өлімінің жай-жапсарын айтып берді. Әкімдіктің мәліметінше, жантүршігерлік оқиға "Талғар-Нұрәлі" ЖШС-ға қарасты "Бүлдіршін" балабақшасында болған.
"Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, 26 қараша күні сағат 15.20 шамасында бала түскі астан кейін оянбаған. Осыдан кейін қызметкерлер жедел жәрдем шақырып, ата-анасына хабарлаған", – делінген хабарламада.
Жедел медициналық бригада келген. Мерт болған қыз бала 2017 жылы дүниеге келген.
"Алдын ала болжам бойынша, баланың көмейінен бөгде зат табылған. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ведомствода.
Аудан әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің басшысы оқиға орнына шықты.
Әкімдіктің мәліметінше, "Бүлдіршін" балабақшасы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қыз бала онда 2020 жылдың 8 желтоқсанында тіркелген.
Бұған дейін Алматы облысының полиция департаменті 26 қарашада Талғардағы балабақшалардың бірінде кішкентай қыздың қайтыс болғанын хабарлаған болатын.
"Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баланың өліміне кінәлілерді шектеу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі бар.
Жергілікті жұртшылықтың мәліметінше, 4 жасар қыз пластик моншаққа тұншығып қалған.
Түркіменстанда тәрбиешілер балаларға орыс тіліндегі мультфильм көрсеткені үшін жұмыстан қуылды