"Түсіме кірдің" деп шырқап отыр: Дәулет Мұқаев оқушыларға Мұрат Әбілдәнің әнін айтқызған білім ордасын сынады
Журналист Дәулет Мұқаев блогер Мұрат Әбілдәнің әнін оқушыларға айтқызғаны үшін министрлікке сауал жолдады. Блогер тик-ток трендін білім ордасына араластырмау керек деген пікірде.
Бұл туралы блогер желідегі парақшасында жазды. Мектеп оқушыларының ән айтып отырған сәтін желіге жүктеді.
“Халық әндері мен патриоттық әндерге қарағанда Мұрат Әбділданың әні озған заман. Мектеп оқушыларының осы әнді айтқаны қаншалықты дұрыс?! Әлде мектеп бағдарламасына еніп қойды ма? Асхат Аймағамбетов мырза, білім және ғылым министрлігі не дер екен?!🧐Мектеп білім мен тәрбие ордасы! Мектеп – тик-ток, инстаграм трендін насихаттайтын орын емес. 5-сынып оқитындардың "Түсіме кірдің тағы да..." деп отырғаны дұрыс емес!” – деп жазды Дәулет Төлеутайұлы.
Желі қолданушыларының бірі оның сөзін қолдаса, бірі қарсы шықты. Көпшілігі журналистің сөзін қостады.
“Әнде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бәрібір балалар керек жерде тыңдап алады. Сосын балағат сөзі жоқ, жай сезім туралы ән. Сосын балалардың өздері сұранған болар... Мұғалімге жабыла айып тағудың қажеті жоқ”, “Дұрыс айтасың, Дәулет! "Балалар өздері сұраған шығар" деген не сөз? Баланың аты – бала. Сабақтың тәрбиелік жағы, физиологиялық жасы ескерілуі керек шығар”, “Көрінген затты проблемаға айналдыра бергенде дұрыс емес негізі”.
“Мен әр сейсенбі сайын сынып оқушыларыма Әнұранды айтқызамын (мақтанышпен, ерекше ықыласпен орындайды. Жыбырламай, назарларын ештеңеге аудартпай айтуды талап етемін. Талап бар жерде, тәртіп бар. Бәрі өзімізден басталады”, “Менің жеке ойым, музыка емес, домбыра сабағын енгізсе. Балаларымыз ең болмаса 5-11 сынып аралығында 10 күй үйреніп шықса”, – деп жазды желідегі оқырмандары.