"Түсімде тиісті": Шымкентте 8 жасар қызды зорламақ болды деп айыпталған жеткіншек сотталып кетті
Шымкентте сегіз жасар қызды зорламақ болды деп айыпталған жасөспірім бала 5 жылға сотталды. Жәбірленуші тараптың шағымын қайтып алмақ болғанына қарамастан, апелляциялық сот 15 жасар Аймұрат Айбекке тағайындалған ауыр жазаны өзгертусіз қалдырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агеттігі КТК-ға сілтеме беріп.
Сотталған жеткіншек Аймұрат Айбек, анасы Айнұр Әділова
Жәбірленуші тараптың өзі баланың кінәсіз екенін айтып сотта дәлелдеп баққанымен, екі жақтың да уәжі мүлдем ескерусіз қалып отыр. Ауыр жазаға кесілген жасөспірімнің ісін апелляциялық сот жабық есікте өткізді.
Істегі басты күдікті – 10-сынып оқушысы 8 жасар қызға қол жүгіртті деп биыл сәуірде бес жылға сотталып кеткен болатын. Айтуынша, қыздың психикалық ауруы туралы анықтама мен оның ешқандай бүлінбегені туралы құжаттарды да сот тағы да назарға алмапты.
Сотталушының анасы Айнұр Әділова кішкентай баланың тағдырына балта шауып жатыр деп есептейді.
“Кішкентай баланың тағдырын құртып жатыр. Әділ шешім сұраймыз. Дәлелсіз, иә. Бізде бүкіл қағаз бар, сараптаманың бәрін дайындадық, бірақ Шымкентте әділ шешім жоқ”, – дейді ол.
Былтыр жазда қыздың отбасы Аймұраттың үйінде бір бөлме жалдап тұрған екен. Бір күні сегіз жасар қыз анасына қожайын ұлдың өзіне тиісіп зорлағысы келгенін айтыпты. Қыздың анасы ашумен бірден полиция шақырып, олар оқушыны үйінен жедел ұстап әкетіпті. Бірақ жеткіншек қыздың психикалық ауруы бар екенін ескермеді, енді ұлға обал болды дейді сотқа келген қыздың шешесі.
- БҚО-да мектеп оқушысы өзін-өзі мылтықпен атып өлтірген
- Қызымен жиі көріскісі келген: Қарағанды облысында ер адам бұрынғы әйелі мен баласын адамдардың көзінше ұрлап кеткен
“Он күннен кейін шәй ішіп отырған кезде қызым "Аймұрат тәте қайда?" деді. "Аймұрат тәтеңді қамап қойды ғой, сен тиісті деп айтқан соң" деген едім, "мен оны түсімде көрдім ғой, мен оны бекер айтыппын ғой" түсімді, соған бола Аймұрат тәтемді қамап қойды ма?" деп айтты. Сосын мен тергеушіге арызымды қайтып аламын деп бардым, тергеуші: “Арызыңызды қайтып ала алмайсыз, қайтып алсаңыз өзіңіз 10 жылға қамалып кетесіз, мен сізге арызыңызды бере алмаймын" деп айтты”, – дейді жәбірленушінің анасы Айгүл.
Сотталушының қорғаушысы істе шикілік тым көп дейді. Полицейлер баланы қорқытып, сексуалдық сипаттағы әрекетке бардым деп күштеп жаздыртты дейді. Мұны сотталушының өзі айтып берген. Екіншіден, қыздың ақыл-есі кеміс деген сараптаманы сот назарға алмаған. Үшіншіден, қызды тексерткенде денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмады дегенді айтады.
“Әр сараптамада бір-біріне қарама-қайшы болған кезде, сот оны жоюға әрекет жасау керек, көз жеткізу керек. Мынау ҚК талаптарына сай болжамдарға сілтеме жасауға болмайды”, – дейді адвокат Жарылқап Өмірзақов.
16 жасқа жаңадан толған жасөспірім әзірше уақытша қамау абақтысында отыр. Бірақ соңғы соттың шешімі күшіне енген соң колонияға ауыстырылуы тиіс. Алайда баланың жақындары мен жәбірленуші тарап енді үкім күшін жойсын деген талаппен Жоғарғы сотқа арызданбақшы.
“Енді бір нақты әрекеттер жасады, зорлық-зомбылық әрекеттер жасады. Жыныстық тиіспеушілікке қатысты. Сізге бәрін анандай сөздермен айтып, ол мына кісі жаңа айтып қалды ғой, сондай мәселелер. Оның бәрін біз айтуға міндетті емеспіз. Негізі жабық сот отырысы”, – дейді Шымкент қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин.