Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияға оқуға түсіреміз деп алдаған: 200-дей адам компанияның құрбанына айналды

Елімізде Түркия университеттерінде оқуға түскісі келген 200-дей адам компанияға алданып қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

алданған әйел

Ақтөбелік ата-аналар өзге елге оқуға түсіріп, жатақханаларыңызды дайындап береміз деген компаниялардың арбауына түскен. Түркияға өз ақшаларымен барған балалардың қазір сол елде не оқуы, не тұратын жері жоқ. 

Ақтөбе қаласының тұрғыны Раушан Қожанова – "Turkey EDU" компаниясына сеніп, сан соғып қалғандардың бірі. Ол дәл осы компания арқылы өз баласын Түркияға оқуға түсіруге бекінген. Айтуынша, аталмыш компания өкілдері сол елдегі жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсіре аламыз деген соң келісім жасасқан. Тіпті жатақхана мәселесін де шешуге уәде берді. А

“Компанияға 800 мың теңге бердік. Келісім бойынша бұл ақыға олар түрік тілін үйретіп, баламды Түркиядағы оқуға түсіруі керекеді. Бұл қызметтердің бірі де орындалмады. Ақшамды да қайтарған жоқ”, – деді ақтөбелік тұрғын Раушан Қожанова.

Заңгер Ғабит Өмірбековтің айтуынша, осы компания еліміздің түкпір-түкпірінен 200-дей алдап соқты. "Turkey EDU" танымал адамдарға жарнама жасатып, Түркияда оқығысы келетін талапкерлерді тартқан. Осылайша олардан ақшасын алған соң, келісімшартта көрсетілген міндеттерінің бірде-бірін орындамады. Тіпті Түркияға баратын ұшақ билеттерін де алып бермепті дейді заңгер. Кейбір ата-аналар компанияға соңына дейін сеніп, Түркияға өз қаражаттарымен барған.

“Турцияға барамыз деп дайындалып отырған соң өз қаражаттарына билет алды. Турцияға жеткеннен кейін оларды ешкім күтіп алмаған, университтеріне барса, оқуға түскендердің арасында тізімде жоқ. Жатақхана алынбаған. Арман қуып барған жастардың көбі сол елде тентіреп қалды”, – деді заңгер.

Оның айтуынша, қазір аталған компания келісімшарт жасасқан азаматтарға 100 миллион теңгедей шығын келтірген.

"Turkey EDU" компаниясы өкілінің айтуынша, Түркиядағы университтерге түсу үшін келісімшартта көрсетілгендей талапкерлер түрік тілін үйрететін курстан толықтай өту керек. Бірақ кейбір ата-аналар бұл процесті асықтырып жатыр дейді.

Қазір бұл іске байланысты Алматы қалалық полиция департаментінің өкілдері "алаяқтық бабы" бойынша тергеу жүргізіп жатқандарын мәлімдеді.

Талқылау