"Түркияға көлікпен барамыз": Тәуекел Мүсілім алдағы жоспарын бөлісті
Отандық киноиндустрияның дамуына үлес қосып жүрген актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілім жаңа жылға жасаған жоспарын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мамский әңгіме” подкастына сілтеме жасап хабарлайды.
Актер отбасылық саяхатқа көп көңіл бөлмек.
“Жоспарыңды айтсаң орындалмай қалады деген сөзге сенемін. Бірақ шет жағасын айтайын. Биыл біздің отбасы үшін саяхат жылы болмақ. Көлігімізбен әлемді аралаймыз. Осыдан екі жыл бұрын Түркиядан пәтер сатып алған едік. Соның құрылыс жұмыстары жазда аяқталады. Соған орай көлікпен Түркияға баруды жоспарлап отырмыз. Жалпы отбасылық саяхатты көбірек насихаттағымыз келеді. Youtube арнамызды ашып, көлікпен саяхаттаудың артықшылығы мен кемшілігін көрсеткіміз келеді. Контентің жақсы көрілім жинаса, табыс та түседі. Сондықтан осы істі қолға алып жатырмыз”, – дейді актер.
Өнер иесінің айтуынша, көлікпен бірінші рет саяхаттап тұрмаған көрінеді.
“2023 жылдың жазы айында Ташкентке көлікпен қыдырып бардық. Екі баламен қиын бола ма деп ойлап едік, бекер қорқыппыз. Өте қызыққа толы саяхат болды. Самарқанд, Бұқара, Хиуа, Ташкент қалаларын араладық. Балалар да шаршаған жоқ. 3000 шақырым жол жүріп келдік. Достарымызға айтсақ сенбейді. Баламен Шымкентке барғанда шаршап келеміз дегенді естідік. Біз енді тәуекелге бел буып, Түркияға төртеуіміз барайын деп отырмыз. 8000 мың шақырымдық жолға шықпақпыз. Атырау жақтан барған жақын дегенді естідік. Бірақ біздің жоспарымыз бөлек. Мәскеуге соққымыз келеді, одан төмен жаққа түсіп, Грузия мен Бакуді аралағымыз келеді. Анамызға да ұсынысымызды айттық, бірақ әлі ол жауабын айтпады”, – дейді жаңа бағытқа бет бұрып жатқан өнер иесі.