Түркиядағы президент сайлауы: Ердоған билік басында қалды
Түркияда дауыстың 99% пайызы саналған соң Реджеп Тайып Ердоған сайлауда жеңіске жетті. Ол 52% дауыс жинаса, басты қарсыласы және оппозицияның кандидаты Кемаль Кылычдароглуды сайлаушылардың 47%-ы қолдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Реджеп Тайып Ердоған өзінің жеңіске жеткені туралы резиденциясында сөз сөйлеу кезінде мәлімдеді.
"Келесі 5 жыл бойы елді басқару жауапкершілігін бізге артқаны үшін халқымызға алғыс айтқым келеді. Біз сіздердің сенімдеріңізді ақтаймыз", – деп уәде берді Ердоған.
Сайлауға дауыс берушілердің 85%-ы қатысқан. Бірінші кезеңде Ердоған ең көп дауыс жинаған кандидат атанған еді. Алайда жеңіске жету үшін 0,5% жетпей қалды. Ал басты қарсыласы одан 4%-ға артта қалды.
Қорытынды жарияланған соң Кылычдароглу бұл сайлауды "Түркия тарихындағы ең әділетсіз" деп атады. Сондай-ақ жақтастарының алдында сөз сөйлеп, "авторитарлы жүйені" ауыстыру үшін соңына дейін күресетінін мәлімдеді.
"Маған дауыс берген 25 миллион халықтың күшті болып қалғанын қалаймын. Біздің марш жалғасады. Мен үнемі сіздер үшін күрестім, күресе де беремін. Біз демократия үшін күресеміз, ал сіздерден бұл күреске қатысуды сұраймын. Қазір бір адамның демократиялық құндылықтардан айырғанын көріп отырмыз", – деді оппозиция кандидаты.