Түркияда ер адам Рамазан айында қайыр сұрап байыған
Түркияда Рамазан айында қайыр сұраған адам 165 мың лира (2 миллион теңгеден аса қаражат) жинап, рекорд орнатты. Қасиетті айда жақсылық жасауды құп көрген көшедегі адамдар оған барынша ақша тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: сюжет кадрынан скрин
Әдетте Түркияда қасиетті айда қайыршы болғандар аз уақытта рекордты түрде байып жатады. Бірнеше күн ішінде ер адам 165 мың түрік лирасы көлемінде садақа жинаған. Бұл шамамен 4 жарым мың доллардан (2 миллион 250 мың теңгеден) асады.
Ялова қаласының көшесінде қайыр сұраған ол полицейлердің назарын бірден аударған. Қайыршы нағыз "бай" болып шықты.
Көшедегі адамдар оған берген барлық ұсақ-түйектерді санау үшін алты адам қажет болған. Қайыршының барлық түскен ақшасы тәркіленді. Бұл елдің заңдары бойынша көшеде қайыр сұрауға тыйым салынған. Бұл үшін айыппұл салынуы немесе тіпті түрмеге жабылуы мүмкін. Полицейлердің айтуынша, қасиетті Рамазан айы мен түрлі діни мерекелерде көшелерге қайыршылар көбейеді. Себебі мұндай күндері адамдар барынша көмек етуге тырысады.