Түркістандық әйел жуынатын бөлмеде тоқ соғып қайтыс болған: Жаңа салынған үйдің тұрғындары жуынуға қорқып отыр
Түркістан қаласындағы жалға алынған көпқабатты үйлердің тұрғындары шағымдарын айтты. Жуынатын бөлмелердегі тоқ сымдары қауіп төндіріп тұр деген олар, жуынуға қорқып отырғандарын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Отырар сайтына сілтеме жасап.
Қала тұрғындары жуынатын бөлменің ішінен бір ұшы жерге жалғанған тоқ сымдарын тапқан. Электр желісін қауіпсіз ету үшін жасалған бұл әдіс керісінше халықтың қорқынышын үдетіп жібергенге ұқсайды. Ал жуынатын бөлмеде жуынып жатқан жерінен тоқ соғып, қаза тапқан әйел туралы әңгімелер үрейге үрей қосқан.
Түркістандағы "Отырар" ықшамауданының жаңа пәтерлеріне қоныстанған тұрғындар осылайша қуанудың орнына қобалжып отыр. Тоқ сымдары ебедейсіз жүргізілген жуынатын бөлмеге кіру қауіпті деген олар, жауапты мекемелердің сұрақтың астына алған.
"Біз №18 үйде бір әйелдің суға шомылып жатқан жерінде тоқ соғып, қайтыс болғанын естідік. Қыздардың марқұмды біздің үйлерде тұрғандай тоқ сымдары соққанын айтқаннан кейін үрейлене бастадық. Бұл жағдайды естіген соң бірден бірнеше ұйымдарға қоңырау шалдық. Арада үш күн өткен соң үйге электрик мамандар келді", – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Балайым Махамбеталиева.
Қайғылы оқиғадан кейін бір ай өткен соң тұрғындар жуынатын бөлмедегі жерге жүргізілген тоқ сымдарын өз беттерінше жұлып ала бастаған.
- "3 миллиард теңгеге салынған мектептің дәретханасы көшеде": Талғар тұрғындары жаңадан салынған білім ордасының сапасына наразы
- "Көршінің әңгімесі естіледі": Қазақстандықтар бағасы удай баспаналарда шудан оқшаулайтын материалдардардың сапасыздығына ашулы
- "Газ жоқ": Түркістан облысында жүргізушілер сұйытылған газ тапшылығына шағымданды
Жүргізілген тоқты тексерген мамандар электр кабельдерінің қауіп төндірмейтінін айтып сендірген. Алайда қатты қорқып қалған тұрғындар бұл сымдардың не үшін жүргізілгенін түсіне алар емес.
"Біз әлбетте қорқамыз. Мен мысалы қазір балаларымды жуындыруды қойдым. Болған жағдай туралы естіген соң сақтықта қорлық жоқ деп, сымдардың барлығын алып тастадым", – деп жалғады Тұрсынай Әлімбекова.
Құрылыс бөлімі осыдан 3 жыл бұрын 5 қабатты 36 тұрғын үйді құрылыс нормаларына сәйкес деп қабылдаған. Жуынатын бөлмеде жуынып жатып, тоқ соғып қаза тапқан әйел туралы да шенеуніктер білетін болып шықты. Олар тіпті тұрғындар тарапынан түсетін шағымдардан да хабардар екен.
"Бұл сымдармен электр тогы өтпейді. Қысқа тұйықталу, кездейсоқ тоқ ағып кету секілді әртүрлі жағдайлар болады. Тоқ ваннадағы суға түскен жағдайда бұл одан әрі өтуі керек және ол үшін электр күші бір желіге қосылуы тиіс. Егер тоқ өтпеген жағдайда ол ваннадағы адамға қауіп төндіруі мүмкін", – деп түсіндіреді Түркістан қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Алмас Байжанов.
Мамандар бұл жағдайға қатысты арнайы сараптама тағайындап, жағдайды жан-жақты тексеруге уәде берді. Ал жуынатын бөлмедеге жүрілген тоқ сымдарынан шошынып қалған тұрғындар қауіпсіздікке кепілдік бермейінше жуынбайтындарын айтып отыр.