Түркістан облысында 1500 жылдық көне қаланың орны табылды
Түркістан облысында, Бірлік ауылының маңындағы тасжолға жақын аумақтан археологтар шамамен 1 500 жыл бұрынғы көне жәдігерлерді тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Зерттеушілер ежелгі тұрғын үйдің қалдықтарын, қыш ыдыстардың сынығын, темір еңбек құралдарын және сандалдарды (көне пештің бір түрі) тапты. Сонымен қатар ортағасырлық қаланың бөліктері — цитадель, шахристан және рабад табылды.

Зерттеу кезінде аумақ дрондар мен геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) технологиялары арқылы сканерленген. Әуеден түсірілген суреттер мамандарға жер бетінде көзге бірден байқала бермейтін рельеф ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берген. Осылайша археологтар зерттеуге перспективалы аумақтарды белгілеген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Досбол Байғұнақовтың айтуынша, бұл қалажұрт археологиялық әдебиеттерде 1962 жылдан бері белгілі. Сол кезде археолог Николай Подушкин нысанды зерттеп, оның тарихын VIII-XII ғасырларға жатқызған.
“Бұл қалажұрт археологиялық әдебиеттерде 1962 жылдан бері, Николай Подушкин ашқан кезден бастап белгілі. Ол өз уақытында нысанды өлшеп, ішінара зерттеп, VIII-XII ғасырларға жатқызған. Бүгінгі зерттеулеріміз қаланың одан да ерте кезеңде, Қаңлы дәуірінде қоныстанғанын көрсетіп отыр. Ал қала Қарахан мемлекеті мен Алтын Орда дәуірінде қарқынды дамыған”, – деді Досбол Байғұнақов.

Қазба жұмыстарының бірінде цитадельдің қорғаныс жүйесі анықталған.
“Қорғаныс қабырғасының ені шамамен бір метрге жетеді. Сонымен қатарцитадельдің мұнарасын да таптық. Бұл жәдігерлер сол кезеңдегі қаланың қорғаныс жүйесі туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді”, – деді студент Қожахмет Қадырқұлов.
Алайда археологтар үшін ең басты жұмбақтың бірі әзірге шешімін тапқан жоқ. Мамандар бұл аумақта хан сарайы болуы мүмкін деп болжап отыр. Табылған жәдігерлер қаланың өңір тарихында қандай рөл атқарғанын анықтауға да көмектеседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттер қалашығы директорының орынбасары Есенғали Қалшаевтың айтуынша, экспедицияның негізгі мақсаты — көне дәуірде бұл жерде хан сарайы болғаны туралы аңыздың шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін анықтау.
“Біздің мұнда келудегі басты мақсатымыз — көне заманда бұл жерде хан сарайы болғаны туралы аңыздың қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау еді. Бүгінгі қазба жұмыстарының нәтижесіне қарасақ, зерттеуіміз өте нәтижелі болғанын көріп отырмыз”, – деді Есенғали Қалшаев.
Табылған жәдігерлер зертханалық сараптамаға жіберіледі. Мамандар олардың нақты жасын және шығу тегін анықтайды.
Археологтар бұл аумаққа келесі жылы да оралуды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, Оңтүстік Қаратау әлі де толық зерттелмеген өңірлердің бірі. Бұған дейін негізгі археологиялық зерттеулер Отырар мен Түркістан аумағында жүргізілген.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында бұрын мүлде кездеспеген ерекше жәдігерлер табылғаны туралы жазған едік.