Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысындағы мектеп директорының орынбасары әлеуметтік желіні шулатты

Түркістан облысындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының бейәдеп қылығы әлеуметтік желіде тарады. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан әйел адамның әрекеті, елдің жағасын ұстатты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіні шулатқан әйел Ордабасы ауданы Бадам ауылының тұрғыны. 34 жастағы келіншек Айтбай Шерімқұлов атындағы орта мектептегі жоғары лауазымды қызметке тағайындалғанына көп бола қоймапты. Шаруашылық меңгерушісі, үш айдай бастауыш сыныптарға дене-шынықтырудан үйірмеде жетекшілік еткен. Былтырғы қарашадан бастап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болыпты. Бірақ аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан қызметкерін, директор бұл қызметке, өз еркіммен қойғаным жоқ деп ақталды. Жоғарыдан тапсырма болды деп тұр. 

“Жоғарыдан болғанда әкімнен тапсырма берілген. Орынбасары Орал Азат Оралбаев шақырып алды алдына. Бір барып қайттым. Одан кейін ол білім бөліміне тапсырма береді, содан кейін барып ең соңында маған келеді. Мен алуға мәжбүр болдым. Орынбасар қылып алдым. Аты Ұлжан Елмұратова. Осы қызметке былтыр 11-қарашада қабылданған. Содан бері істеп жатыр”, – деді Айтбай Шерімқұлов атындағы мектептің директоры Өмірзақ Ақбөпе.



Директордың дерегінше, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары отбасылы, төрт баланың анасы. Мектепке келгенше бірнеше балабақшада меңгеруші болған. Айтпақшы, бейнежазбадағы азаматшаның ер адамға не себепті былапыт сөзді қарша боратқаны белгісіз. Ол қазір кезекті еңбек демалысында. Бірақ мына шудан соң мектеп басшысыда оны таппай жүр. Бүгіндікке үйіне бірнеше рет барып қайттым дейді. Естуінше, ауруханаға жатып қалған көрінеді. Сол себепті аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы, арнайы ұсыныс хатты пошта арқылы жеткізіпті.   

“Ұсыныс хатта жазамыз 17-сі күні сағат 16-00- ге дейінгі уақытта мектепке өндірістік қажеттілікке байланысты жұмысқа түсуіңізді сұранамыз деп жазамыз. Егерде ол кісі біздің алған хабарламамызға  қол қойып алып тұрып келмеген жағдай болатын болса, онда мектептегі өздерінің тәртіптік кеңестері кеңестері бар мектеп ішінде, әкімшілік кеңестері бар өздері жиналып осындай кешегі Фейсбуктағы  жағдайға байланысты толық жұмыстан шығаруға мүмкіндіктері бар”, – деді Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева.

Айта кетейік, аталған мектепте, 800-дей бала оқиды. Жүзден астам мұғалім бар. Мектеп басшысы желіні шулатқан қызметкерінің бұл алғашқы шуы емес деп отыр. Тіпті зейнетке шығуға аз қалғанда абырой әпермегенін айтып, бармағын тістеуде.   

“Айналайын деп бұрын да ескертілген. Тәрбие жөніндегі орынбасарсың деп... Талай рет ескертілген”, – деді Айтбай Шерімқұлов атындағы мектептің директоры Өмірзақ Ақбөпе.

Бұл шудың немен аяқталары әзір белгісіз. Белгілісі тәрбие ісі орынбасарының тәртіпсіз әдебі қоғам арасында дау туғызды.  

Талқылау