Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында сәбидің жүрегіне ота жасалғаннан кейін құлағы түсіп қалған

Дүниеге келгеніне төрт-ақ ай болған Айша Өмірзақтың жүрегіндегі туа бітті ақауына ота жасалған соң, бірер күнде нәрестенің сол жақ беті қарайып, құлағы түсіп қалыпты. Шарасыз анасы сәбиінің осындай күйін көрген соң шырылдап жұрттан көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Перзентханадан бірден Түркістан облыстық балалар ауруханасына ауыр халде тасымалданған сәби аурудың үстіне ауру қосып алды деп ашынады. Дене бітімі балпанақтай балапанның бұндай жағдайға қалай түскенін анасы түсіне алар емес.

Перзентханадан шыға сала ауруханаға қайта түстік деген Айшаның анасы Мадина Әбдірова нәрестесі құрсағында жатқан кезде-ақ дәрігерлер жүрегінде ақауы барын айтыпты. Сондықтан түсік жасатуға кеңес берген екен. Бірақ анасы табандылық танытып, ақыры босануға бел буған. Айтуынша, 3 жарым келіден астам салмақта балпанақтай қызды дүниеге әкелген. Бірақ перзентханадан шыға ауруханаға жатқан. Дәрігерлер шарананың жүрегіне ауыр ота жасап, оны ойдағыдай өткерді. Алайда отадан соң дәрі құюда қателік кетті ме, әйтеуір, сол жақ беті қарайып, құлағы түсіп қалған деп күйінеді.

“Бір күні жайлап құлағын ашып қарасам, құлағы қап-қара боп тұр. Тіпті күйіп, жоқ боп кеткен. Ағаш құсап қалған ғой. Үгітіліп тұр. Жан жоқ. Мен айттым мына қыздың құлағына не болды деп. Айқайладым. Олар менің өзіме жауып жатыр. Жүректен дейді. Енді жүрекке системаларды құю үшін орталық катетер қоямын деген Олар айтады, біз аман алып қалу үшін осылай істеуге мәжбүр болдық дейді, – деді баланың анасы Мадина Әбдірова. 

Анасының айтуынша, қазір жансақтау бөлімінде жатқан Айшаның басы да күннен-күнге ісіп барады екен. Ауыр халдегі нәрестенің беті бері қарар емес. Сондықтан Алматы немесе елордадағы дәрігерлерге қаратқысы келеді. Ал жергілікті ауруханадағы ақ халаттылар сегіз сағат тік тұрып, нәрестенің туа бітті ақауы бар жүрегіне күрделі ота жасағанымызбен, сәбидің қан тамырлары жүйесінде ақауы жағдайды ауырлатты деп отыр. Қан дұрыс тарамаған аумақ жансызданып қалған дейді ақ халаттылар.

“Cамайы пен құлақ аймағының қараюы жүйелі тамырларының ақауы болғандықтан бұл спазмға және тромбо образованияға алып келіп, сол ишемияға алып келді. Содан бұл қарайып отыр. Бірақ біз бұл жерге ешқандай катетер қойылған жоқ. Және миға ешқандай дәрі енгізілген жоқ. Сондықтан бұл – күю емес, бұл – ишемия. Қанның ол жерде жүрмеуі”, – дейді Түркістан облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Алмат Байсалов. 

Дәрігерлердің айтуынша, жүрек және қан тамырында ақауы бар науқастар сирек кездеседі екен. Сондықтан бұған қазақстандық мамандар былай тұрсын, тіпті израильдік дәрігерлермен теле медицина арқылы байланысып, науқасты о бастан бақылауымызға алғанбыз дейді.

Ал жасанды тыныс алу тетігімен жатқан нәрестені Алматы мен Елордаға тасымалдау мүмкін емес. Ауыр сырқаты бар сәбиге қолдан келген көмектен аянып қалып жатқан жоқпыз деп ағынан жарылды ақ халаттылар.

Талқылау