Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енем мен қайын сіңлімнен зәбір көрдім": Түркістан облысында күйеуі күн көрсетпеген әйел тоғайды төтелеп үйінен қашқан

Өмірім тозаққа айналды! Түркістан облысының тұрғыны Кәмшат Тастанова осылай деп мұңын шақты. Күн көрсетпеген күйеуінен қашып кеткенін айтады.

Түркістан облысында күйеуі күн көрсетпеген әйел үйінен қашып кетті

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тұрмыс құрғандарына 9 жыл  болған. 4 баланы өмірге әкеліпті. Алайда күйеуі оны құдайдың құтты күні ұрып-соғады екен. Полицияға 9 мәрте шағым түсіргенімен сақшылар оны жылы жауып қоя салатын көрінеді. Амалы қалмаған келіншек құжатсыз, ақшасыз Алматыға қашып келіп, көмек сұрады. 

"Тоғыз жылдан бергі отбасылық өмірім тозаққа айналды" деп жылап-еңіреп келген Камшат отбасында "отырсам опақ, тұрсам сопақ" болдым дейді. Күйеуінің ішімдік пен шылымға әуестігі жоқ екен. Дегенмен үнемі соққының астына алып күн көрсетпейтін көрінеді. Құзырлы органдарға он шақты рет шағым түсіргенімен нәтиже шамалы.

«2010 жылы қызымды босанып келгеннен кейін 3 күннен кейін ұрып теуіп тастады мені. Тойда түскен алтындарымды сатты. Оны құртты. Ішімде 2013-те балам бар еді 3 айлық қылып оны тастап қойдым. Ойда-қырда бойыма бала бітсе болды ұра береді, тебе береді. Шаршадым, жалықтым бәрінен», - деді облыс тұрғыны Кәмшат Тастанова.

Отағасы балаларына берілетін жәрдемақыны да ұстаппайды екен. Күйеуі аздай енесі мен қайын сіңілісінен де жәбір көрген келіншек құжатсыз, көк тиынсыз Алматыға қашып келіп, біздің арнадан араша сұрауға мәжбүр болғанын айтады.

«Бала-шағамды әперіп, заңды некеден ажырастырып жіберсеңіздер. Күйеуімді өзгерте алмадым сонша жылдан бері. Осыдан екі күн алдын кетіп қалдым. Мені ұрып теуіп тастағаннан кейін тоғаймен тоғай қашып, қырмен Шарапханаға барып, таксиге отырып сөйтіп амалдап қаштым», -  деді ол.

Камшаттың күйеуімен телефон арқылы хабарпластық. Оның айтуынша келіншегінің ақыл-есінде кемістік бар көрінеді. Бірақ "саусағымның ұшын да тиігізген емеспін" деп ант су ішті.

«Оны сіздер білмейсіздер. Оны аудандағы ауруханадағылар, полиция бәрін біледі сырын. Мен енді анау-мынау деп жамандамай-ақ қояйын. Айыбы сол ақыл-есінде болып тұр ғой. Әңгіменің бәрі ақыл-есінде болып тұр. Бірде былай, бірде былай оны өзім де түсінбей келе жатырмын әлі. Ол бір емес миллион рет кетіп қалған үйіне», - деді күйеуі Нұрғали Кемелов. 

Отбасына қайтып оралғасы келмеген Кәмшатты тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына орналастырдық. Енді келіншекпен психолог мамандар жұмыс істейтін болады.

«Бұл кісінің қазіргі психологиялық жағдайы бірқалыпты емес. Ауытқулы. Өз-өзін ұстай алмайды. Енді 9 жыл деген ұзақ уақыт. Бір айдың өзі жеткілікті адамды жынды қылып жіберуге. Бар жағынан барлық күшімізді саламыз, көмектеседі. Мамандарымыздың барлығы атсалысып көмектеседі», - деді тұрмыстық зорлық-зомбылық дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Зульфия Омарова. 

Дағдарыс орталығының мамандары Кәмшаттың құжаттарын қалпына келтіріп, оның мүддесін қорғаумен айналысатын болады. Ал заңгерлер күйеуі екеуінің арасындағы қарым-қатынастың заңды нүктесін қоймақ.  

Талқылау