Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында қолданысқа берілгеніне 10 жыл болмаған мектеп құлаудың алдында тұр

Түркістан облысының Төлеби ауданында қолданысқа берілгеніне 10 жыл толмаған мектеп құлаудың алдында тұр. Қостөбе ауылындағы оқу ғимаратының бүгінде сау тамтығы қалмаған. Қабырғалары сөгіліп, едендері опырылып түскен. Бір қызығы балалар өміріне қауіпті болса да, олар осында күні кешеге дейін оқып келіпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

мектеп

Қостөбеде жалпы білім беретін орта мектеп 2011 жылы ашылған. Алайда арада 3 жыл өткен соң алдымен мектептің асханасы қирап, кейін ғимараттың қабырғалары ажырай бастапты. Қазір мектеп жабылып, ауыл балалары көрші елді мекендерге қатынап оқып жүр. Бұл ата-аналарға үлкен қиындық тудырған.  

“Сыртта оқып жатыр. Қиындық тудырады. Алты шақырым барып келуі. Көпіріміз болса анау, жолымыз болса мынау, бұрылыс-бұрылыс. Қауіптенеміз”, – деді Төлеби ауданы, Қостөбе ауылының тұрғыны Тастан Қуатбеков.

Асхана жабылып қалғандықтан мектепте 8 жылда оқушылар тамақтанатын орын жоқ. Жөндеу жұмыстары тиісті нәтиже бермеген. Ал соңғы рет тексеру жүргізген мамандар 80 пайызға тозған ғимарат мүлдем жарамсыз деген қорытындыға келіпті. Сондықтан мектепті шұғыл түрде "бұзу керек" деген шешім шығарған.

“2011 жылы салынып біткеннен кейін үш жылдың көлемінде асхана жарамсыз деп танылып, қайтадан жөндеу жұмыстарына қойылды. Соттың шешімімен асханамыз бүгінгі таңға дейін жабық. Жасалынған мынау жөндеу жұмыстары ешқандай нәтиже бермеген. Қайтадан сол ойылып жатқан жері одан ары қарай тағы да ойылып кеткен”, – деп мәлімдеді мектеп директоры Дания Айтбаев. 

Қазір ауылдың 130 оқушысын 24 орындық 2 автобус тасымалдайды. Ал Қостөбедегі мектеп күрделі жөндеуден өтеді немесе толықтай бұзылады дегенді әзірге мектеп басшылығы да, аудандық білім бөліміндегілер де дөп басып айта алмайды. Белгілісі жаңа мектеп салуға ұсыныс берген.

Талқылау