Анасына 600 мың теңге төлеген: Түркістан облысында ер адам 15 жастағы қызды алып қашып кеткен
Түркістан облысында ер адам 15 жастағы қызды алып қашқан. Бұл туралы "НеМолчи" қорының басшысы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы "НеМолчи" қорының басшысы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі хабарлады.
Ер адам мектеп оқушысын ұрлап, анасына қалың мал ретінде 600 мың теңге төлеген. Кейін бұл туралы қыздың әкесі біліп, полицияға арызданған.
Әкесінің айтуынша, ол әйелімен ажырасып кеткен, бірақ алимент төлеп тұрған. Ол 2022 жылдың соңында әлдекім қызын алып қашып, Жетісай ауданына алып кеткенін, артынша беташар жасалғанын айтады.
Бұл туралы 15 жастағы оқушы қыздың әкесі әлеуметтік желі арқылы білген. Ер адамның сөзінше, қызы бұл некеге қарсы болған.
"Бұл жағдайды жай алып қашу деп қарай салуға болмайды, себебі мен өз келісімімді берген жоқпын. Сондықтан қылмыс дерегі расталады. Сонымен қатар, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу де қылмыс, себебі бұл некеге мен өз рұқсатымды берген емеспін, бермеймін де. Қызым небәрі 15 жаста және өздігінен шешім қабылдай алмайды. Сондықтан бұл жерде де қылмыс дәлелденіп отыр", - дейді оқушының әкесі.
Ер адам қызын алып қашқан адамды тауып қана қоймай, оны жауапкершілікке тартуды сұрап отыр.
Оқиғаға қатысты Түркістан облысы полиция басқармасы әлі пікір білдірмеді.