Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркіменстан үкіметі тойда экс-президенттің әндерін қоюды міндеттеп жатыр

Түркіменстанның батыс аймақтарының билігі жергілікті тұрғындарды үйлену тойда экс-президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің әндерін қосуға және шетелдік музыкадан бас тартуға міндеттеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Жарлық туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Алайда АХАЖ бөліміне келіп неке қиюды жоспарлап жүрген болашақ жас жұбайларға тойда бұрынғы президенттің әндерін қосу тапсырылған.

“АХАЖ бөлімінің қызметкерлері ерлі-зайыптылардың тойы түркімен музыкасының сүйемелдеуімен және тойдың өзі ұлттық стильде өтуін ескертеді”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ жаңа ереже туралы той өтетін мейрамханалар мен банкет залдарының иелері мен қызметкерлеріне де ескертілді. 

“Үйлену тойы өтетін мейрамханалардың иелері әндердің кем дегенде 80%-ы түркімен тілінде болуын қадағалайды", – деді аты-жөнін атамауды өтінген мейрамхана қызметкерлерінің бірі.

Мемлекетте биліктің нұсқауына бағынбауға және үкіметтің саясатын сынауға тыйым салынады.

Жақында үйлену тойы өткен мейрамхана қызметкерлерінің бірі репертуарға көптеген түркімен әндері мен халық биі “Куш депти” және экс-президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың екі әні қосылғанын айтады. 

“Той кезінде диджей бұрынғы президенттің әр қайсысы 7 минут болатын екі әнін қосуға міндетті”, – дейді ол. 

Айта кетейік, Түркіменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз халқы, елі, жастар мен өзінің сүйікті жылқысы туралы ән жазады. 

Бердімұхамедов Түркіменстанды 15 жылға жуық басқарған. 2022 жылы наурызда биліктің қадағалауымен өткен сайлауда оның ұлы Сердар Бердімұхамедов жаңа президент атанды.

Талқылау