Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Түнімен қорықтық”: Ақтөбеде кепілге алынған марқұмдардың көршілері жағдай туралы айтып берді

Ақтөбеде кепілге алынған марқұмдардың үйінің алдында полиция тұр. Көршілері есікті әлі де жауып отыр. Адамдарда үрей бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото Stan.kz

Ақтөбе қаласындағы Рысқұлбеков көшесі әлі де полиция бақылауында тұр. Оқиға болған үйдің алдында полиция көлігі тұр. Көршілер қорқып қалған.

Оқиғаға қатысты полиция “Кісі өлтіру” және “Адамды кепiлге алу” бойынша іс қозғады.

“Кешкі сағат 20:00 шамасында серуенге шығамыз. Полиция толып тұр екен. Жайлап “аманшылық па?” деп сұрадым. Ешкім ештеңе деген жоқ. Қорықтық. Есігімізді жауып алдық. Бұл үйде тұратын ата мен әжені сыртынан білеміз. Таныстығымыз жоқ. Аттарын білмеймін. Кімдермен бірге тұратынын да білмейміз. Амондар “апа, үйге кіріңдер, аманшылық, қорықпаңдар” деді. Үйге кіріп кеттік. Түнімен ұйықтамадық. Машиналар түнгі 00:00-ге дейін тұрды. Түнімен болды. Қорықтық шынымен. Бірдеңе тарсылдағанда машинаға бірдеңе болды ма деп ойладық. Атып шықтық. Аманшылық екен. Сол кезде мына жерден адам шығарып жатқандай болды. Қарайтын мүмкіндік болмады”, – деді марқұмдардың көршісі Маржан Тәжекенова.

Пікір білдіріп, түнде болған оқиғаны айтқандар бірен-саран.

“Қалай болғанын білмеймін. Полиция түнде келді. Қауіпті деп ойлаймын. Балаларымыз бар, немерелерімін түнімен ойнайды. Полиция келіп, көлік жиналды. Балаларды үйге кіргізіп жібердік. Оларды көп танымаймыз, тек сыртынан білемін. 4-5 сағат болды полиция. Түнде жарық сөнбеді. Не болғанын білмейміз. Полиция үйді араламады, тек қоршап қойды айналаны”, – деді марқұмдардың көршісі Сәбит Шүйіншалиев

Марқұмның үйіне қарсы үйде туыстары тұрады. Адамдар көңіл айтып, кіріп жатыр. Туыстары да пікір білдіруден бас тартты.

Ресми мәліметке сүйенсек, кепілге алынған әйел 40 жаста. Бір баласы бар. Полиция қансырап, түрлі жарақат алған әйелдің анасы мен өгей әкесін жер үйдің жертөлесінен шығарды.

Анасы 67 жаста. Ол ауруханаға жеткенше тасымалдау кезінде көз жұмды. 74 жастағы ер адамды отаға дайындау кезінде клиникалық өлім болды.

Өңір басшысы Асхат Шахаров Ақтөбеде 13 қаңтар күні болған жағдайға қатысты Facebook әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Марқұмдарды жерлеуге көмек көрсетілетінін жазды.

“Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтқым келеді. Құқықтық бағасын құзырлы органдар береді.

Қазір зардап шеккен жәбірленушіге жан-жақты медициналық және психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Ал марқұм болған азаматтардың жерлеу рәсіміне қажет көмек ұйымдастырылады. Осы ретте күдіктіні ұстауда кірпік ілмей, кәсібилік танытқан полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін”, – деп жазды Асхат Шахаров.

Еске салсақ, Ақтөбеде ер адам бір отбасыны кепілге алғаны айтылған еді. Сондай-ақ отбасыдан анасы мен әкесі мерт болды.

Талқылау