"Ең алғаш етегімді түрген туған әкем": 16 жасынан жезөкшелікпен айналысқан түркістандық қыз баласын іздейді
Қызылорда облысының 25 жастағы тумасы Тұрғангүл Бекішованың бала күнінен көрмеген қорлығы қалмаған. 3 жасында анасынан жетім қалған қыз өгей шешенің тоқпағын жеп өседі. 15 жасында өз әкесінен жыныстық зорлық көреді. Қатты күйзеліп жаны қиналған Тұрғангүл бұл туралы ешкімге тіс жарып айта алмайды. Үйінен қашып Алматыдағы Сейфуллин даңғылындағы түнгі көбелектердің қатарына небәрі 16 жасында қосылады. Жеңіл жүріске салынуына не себеп болды? Stan.kz тілшісі Тұрғангүлдің өзімен тілдесіп басынан өткерген оқиғаларын тыңдады.
Тәнін сатқан Тұрғангүл өз баласын сатты деп айыпталды. "Кел, татуласайық!" бағдарламасының кейіпкері балалар үйіне өтіп кеткен баласымен қауышқысы келеді.
"Анамнан үш жасымда айырылдым. Әкем 1 жылдан кейін-ақ екінші әйел алды. Оның менен 7-8 жасқа үлкен қызы болды. Бір сөзбен айтқанда балалықтың қызығын көрген жоқпын. Әкем күні бойы жұмыста жүреді. Сол кезде өгей шешем маған күн көрсетпейтін. Бірақ осы туралы әкеме айтқан емеспін. Екеуі мен үшін ұрсысқанын қаламадым. Ойдағыдай киім-кешек кие алмадым. Мектепке үйдің дәлізінде тұрып киініп кететінмін. Түнде ұйықтап жатсам аяғымды уқала деп оятып алатын кездері болады.
Одан кейін адамның үлкен әпкесі өзінің қамқорлығына алды. Үшінші сыныптан бастап сол кісінің қолында болдым. Жалғызсыраған кездерде үйден шығып кетіп, анамның бейітіне барып жылайтын кездерім болған. 7 сынып оқып жүргенде көзіме бір адамдар көрінетін. Менен басқа ешкім көрмейді. Көбінесе ер адамның бейнесі көрінетін. Ол мені далаға қарай қолын бұлғап шақыратын. Көзіме елестеген нәрселерге көңіл аудармауға тырыстым. Айтсам ешкім сенбейтін. Әке-шешемнің қамқорлығы жоқтығынан біреудің қолына қарағандықтан, ойымды ашып айта алмайтынмын. Қорқып жылап жүретінмін", - дейді ол.
Нағашыларының қолына кетер кезде әкесі қарсы болмапты. Тұрғангүлдің сөзіне сенсек, әкесі қызынан құтылғанға қуанғандай кейіп танытыпты.
"Әпкеме кеткен кезде әкем қарсы болған жоқ. Тіпті, құтылғанына қуанған шығар. Өйткені маған бір рет болсын жылы қабақ танытып, "бұл менің қызым, өмірге әкелген соң мұның тағдырына жауаптымын-ау" деген ой кіріп шықпайтын. Өгей шешем жамандаса, тоқпақтап ұратын", - деп Тұрсынгүл ауыр күрсініп қалды.
Ол бір сөзінде, бала мейірім мен махаббатқа шомылып өссе, болашағы менікіндей болмайды деп айтып қалды. Әркімнің қас-қабағына қарап, жәутеңдеп өскен бала үйдегілерден жылу таппаған соң, марқұм анасының бейітіне барып сыр ақтарады екен. Өз-өзін психологиялық түрде басқара алмайтындай дәрежеге жеткенін айтады. Анасына ішіне жиналған бар өкпе-наласын айтып, неге тастап кеттің, кімге тастап кеттің деген ішін тырмалаған сұрақтарға жауап алғысы келеді екен. Анасының өліміне қатысты да Тұрғангүлдің айтары бар.
"Анамның неден қайтыс болғанын нақты білмеймін. Туыстарым аурудан қайтыс болған деді. Анамның туған бауырлары әкең ұратын еді дейді. Бірақ анам ұратыны жайлы ешкімге айтпайды екен. Кейде әкем анамды ұрып өлтіріп қойды ма деп ойлаймын", - дейді іші құсаға толған Тұрғангүл.
Тұрғангүл әлі күнге дейін әкесінің неге сонша жек көргенін түсіне алмай дал. Өгей шешесімен бірге еріп келген қызға көбірек мейірімділік танытқан көрінеді. Жаны ашитын әке болса, басқа әйелге үйленбес еді ғой деп өзегін өкініш өртейді.
"Тоғызыншы сыныптан кейін нағашыларым кәсіптік колледжге түсірді. Сол кезде әкемнің үйінен қатынап оқуға тура келді. Сол кезде де жақтырған жоқ. Бірінші курсты бестік бағаға бітірдім. Екінші курста оқып жүргенде колледжде бір қыз екі қабат болып, барлық қызды қыз ба әлде қыз емес пе деп тексерді. Сол кезде мені қыз емес деп айтты. Бұл туралы мен туыстарыма айтқан емеспін.
Мен ол кезде 15 жаста едім ... Ауылда жүргенде әкем үйге ішіп келді. Ал өгей шешем үйді сыртынан құлыптап шығып кетті. Ол кезде үйде ұйықтап жатқанмын. Ең алғаш етегімді түріп, қыздығымды алған еркек - әкем!
Бұл туралы ешкімге тіс жарып, айтқан жоқпын. Бірақ колледжде бетіме басқан соң ол жерде оқи алмадым. Дәл осы кезде үйден кету, бөлек тұру, жаман қыздарға қосылу деген әдет шықты", - дейді Тұрғангүл.
Осы оқиғадан кейін Тұрғангүлдің мінезі көп өзгерген. Ешкімге ашылып ештеңе айтпады, үйден безіп кеткісі келеді, айналасынан жылу таппайды. Түркістанға кетіп бір жылдай көлік жуушы, тазалаушы болып, аз-кем тапқан тиынын нағашы әпкесіне әкеп беріп жүрген. Алайда жоқшылықтан көп ақша тапқысы келген Тұрғангүл Әмина деген қызды жолықтырып, Алматыға тартып тұрады.
"Содан 16 жасқа толған кезде Әмина деген қызбен танысып, Алматыға кетіп қалдым. Содан кейін үйдегілермен хат-хабарсыз қалдым. Тек жеңгемнің телефон номерін жатқа білем, ол анда-санда қоңырау шалып тұрды.
Әмина деген қызға бүкіл өмірбаянымды айтып бердім. Ол жұмыс барын, айына 200-300 мың табатынымды айтты. Сол жұмысқа тұратын кезде Гүлжамила деген әйелмен таныстырды. Ол мені ешкімі жоқ қыз деп дайын олжа тапқандай болды. Ол маған ұялы телефон, әдемі киім, жылы тамақ, жататын жерін тегін берді. Мен соған мәз болдым. Жұмыс істеуге келісіп Сейфуллин даңғылына шықтым. 16 жасымнан бастап айналысқан осы тірлігімнің ақысын алып көрмеппін. Нақтырағы ақша бермеді. Маған да ол арам ақшаның керегі жоқ болды", - дейді ол.
Тұрғангүлге қайда бара жатқаныңызды білдіңіз ғой, неге басқа адал жолмен ақша табуды ойламадыңыз дегенімізде:
"Қайда бара жатқанымды білдім. Кішкентайымнан қалаған затыма қол жеткізе алмадым, ұнаған заттарды алып беретін адам болған жоқ. Қарайтын, сырласатын бір адам болған жоқ. Осы қыздың ішінде не бар деп сырласқан адам болмады. Менің ойыммен санаспайтын... ", - деп көзі жасқа толып, тамағына тығылған өксіктен булығып қалды.
"Барлық қыздар жалақысын алып жатқанда мен ақшасыз қалдым. Берген жоқ. Сенің ешкімің жоқ деп қорқытып ұстаған кездері де болды. Арасында қашып та кеттім. Бірақ жігіттер ұстап беретін, ұрып-ұрып қайта жұмысқа салатын.
Осында істеп жүріп өзінің өмірлік жарын кездестіреді. Ол Тұрғангүлден 11 жасқа үлкен. Танысып-біліскен соң ол Тұрғангүлге үйленетінін айтып, ол жерден үйіне алып кетеді.
"Еш ойланбастан келісімімді бердім. Ауылда өскен соң жоққа да, барға да көне аламын. Нағашы әпкем үйдің бар шарусына пысық етіп өсірген. Мына жолмен жүре берсем маскүнем немесе наркоман болып кетермін деп те қорықтым.
Келін болып түсіп беташар болды. Жақсы отбасы. Қазір ойлап қарасам менің ең бақытты кездерім жолдасымның үйінде өткен екен. Бірінші баламды босандым. Содан кейін "концерт" басталды ...
Үйде ата-енем, күйеуім үшеуі қосылып арақ ішеді. Тойда қуанышта ішсе, түсінер едім. Құдайдың құтты күні ішіп берекені алатын. Көніп жүрдім басында, екінші қызымды дүниеге алып келген соң түбегейлі кетуге шешім қабылдадым", - деген Тұрғангүл тағы бір оқиғаның шетін айтып қалды.
"Бірінші балам туылғанына 15 күн өткенде күйеуім ішіп келіп мас күйінде баланың үстіне құлап кеткен. Мен ол кезде сыртта жұмыстарыммен жүргенмін. Бас бөлігіне қатты зақым келіп, балам содан бері әлі сөйлемейді, жүрмейді. Сол баламның еміне де ақша керек. Одан кейін екіншісіне аяғым ауыр болды. Босандым. Бірақ осы кезеңдерде отбасымызда ұрыс-керіс көп болды. Оның туыстары менің бұрын жезөкшелікпен айналысқанымды біліп қойды. Қайын ағам әр келген сайын бетіме баса беретін. Күйеуім де әр ұрсысқан сайын өткенімді есіме салып, қайталай беретін.
Сол кезде де баламның емі үшін, күнкөріс үшін Саин көшелерінің бойында тұрып ақша тауып жүрдім. Күйеуім ұрған емес. Бірақ ішетін адамнан әбден шаршадым. Ағалары да "сен жезөкше әйел алдың" деп тиісетін", - дейді ол.
"Ескі әуеніне" қайта басқан Тұрғангүл екі баласын жалдамалы бала күтушіге тастап, түнімен ақша тауып жүріпті. Осы кезеңде үшінші баласын дүниеге әкеледі. Бір түнде 40-50 мың табуға болатынын айтқан Тұрғангүл балаларым мен көрген қорлықты көрмесін деп осы әрекетке баратынын айтады. Ал төртінші ұлын босанарда қатты ақшадан қысылған ол уақытша қарауға бір әйелге бермекші болады. Қолхатын жазып, осы үшін 500 мың теңге алады.
Бірақ өз баласын сатып жатқаны туралы ой болмаған.
"Мен ол әйелге алданып қалдым. Өзім жаңа босанып, есім кіресілі-шығасылы боп тұрғанымды пайдаланды. Мен тек 18 жасқа дейін қарай тұруын сұрадым. Қазір ол балам қай балалар үйінде екенін білмеймін. Бар тілегім сол баламды табу. Бала сатты деп айыпталып отырмын. Бірақ мен сатпадым ... ", - дейді ол.