Тоқаев Путинмен шағын құрамда келіссөз жүргізіп, АЭС жобасы үшін алғыс айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президент Владимир Путинмен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Тоқаев стратегиялық серіктестік пен АЭС құрылысы үшін алғыс айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев Путиннің бұл сапары елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор екенін алға тартты.
“Құрметті Владимир Владимирович, елордаға қош келдіңіз! Мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналады. Осы орайда екі мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншісі, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме. Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында толығырақ айтамын. Оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін”, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Путинге АЭС жобасына қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді. Бүгін тараптар нысан құрылысына қатысты келісімге қол қояды.
“Екіншісі, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір біріне ұқсас. Кешегі бейресми кездесуде ол жөнінде егжей-тегжейлі айтып, өткенді еске алдық. Ресей үшін де мұның мәні ерекше деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ОқыңызАл Владимир Путин Тоқаевтың өзін Қазақстанға шақырғанына алғыс айтты.
“Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Бейресми сипатта өткен кешегі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара ықпалдастығымыздың көптеген маңызды әрі перспективті бағыты бойынша пікір алмастық. Делегациямыз еліңізге мереке қарсаңында келіп отыр. Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстанда да бұл мейрам кеңінен тойланатынын білемін”, – деді ол.
Еске салсақ, Владимир Путин мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген еді.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты