"Екі өлім жағдайы – саладағы үлкен ретсіздік": Депутат қазақстандық клиникалар мен зертханаларға тексеріс жүргізуді талап етті

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы жақында косметологиялық процедуралардан кейін адамдардың қаза табу жағдайларына байланысты клиникалар мен зертханаларға тексеріс жүргізу қажет екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін жекеменшік медициналық ұйымдардың бір бөлігінде толық тексеріс жүргізуге Кәсіпкерлік кодексіндегі шектеулер кедергі болған.
"Бізде кейбір бай адамдар медициналық қызметпен айналысып, әртүрлі зертханалар ашқан. Әрине, мұндай ұйымдарды тексеру оларға тиімді емес. Бірақ өткен жылы біз оларды тексеруге қайта рұқсат бердік. Бұған дейін, мысалы, жаңа туған нәресте көз жұмған бір жағдай болған. Алайда Кәсіпкерлік кодекстегі шектеулерге байланысты тексеріс жүргізу мүмкін болмаған. Енді бұл шектеулер алынып тасталды, сондықтан қатаң тексеріс қажет. Менің ойымша, тек техникалық емес, санитарлық бақылау да болуы керек", – деді Әбенов.
Депутаттың пікірінше, әсіресе препараттардың сертификатталуын назар салып қарау керек.
"Барлық препараттарға сертификат болуы өте маңызды. Менің ойымша, олардың жартысында жергілікті сертификат болмауы мүмкін. Бізде кейде сертификат беріп үлгермей жатады. Бір апта ішінде болған екі өлім жағдайы бұл салада үлкен ретсіздік бар екенін көрсетеді. Бір қарағанда қауіпсіз көрінетін косметологиялық процедуралардың өзі препарат құрамына байланысты үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Анафилактикалық шок болуы мүмкін. Тіпті жас қызды құтқарып үлгермеу қаупі бар", – деді ол.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты
Оқыңыз