"Күш – әрқайсымызда!": Қазақстан Халық партиясы өңірлерді аралап, халықпен кездесті

Алдағы парламенттік сайлау қарсаңында Қазақстандағы саяси партиялардың қоғаммен қалай жұмыс істейтініне назар күшейді. Осындай жауапты кезеңде Қазақстан Халық партиясы азаматтармен тікелей кездесуге басымдық беріп, өңірлердегі жақтастар форумдарын жалғастыруда. Еліміздің батысы мен шығысын, солтүстігі мен оңтүстігін жалғаған бұл саяси толқынның оныншы белесі қасиетті Абай жерінде өтті.
Абай жеріндегі форум нені көрсетті?
Бүгінде қоғамға жалаң ұрандардан гөрі нақты әрекет қажет екені белгілі. Мұндай ауқымды жиындар ел тағдырына бейжай қарамайтын белсенді азаматтарды, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым еңбек адамдарын ортақ мақсат жолында топтастырып отыр.
Саяси партияның нақты әлеуеті оның халықпен орнатқан шынайы байланысынан байқалады. Партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың өңірлерді жеке аралап, басқосуларға белсенді қатысуы – партияның ресми мінбердегі баяндамалардан гөрі, жақтастармен көзбе-көз жүздесіп, ашық диалог орнатуға басымдық бергені.
Форум барысында партия төрағасы партия филиалдарының өңірлердегі белсенділігіне, Мәжілістегі фракцияның табанды жұмысына және 500 миллионнан астам қаралым жинап, қоғамдық пікірге зор ықпал етіп отырған партиялық медиа-жобалардың табысына арнайы тоқталып, нақты жетістіктерді көпшілікке таныстырды.
ҚХП-ның басты мақсаты – Еңбек адамының мүддесін қорғау
Қандай саяси кезең болмасын, Қазақстан Халық партиясының берік ұстанатын басымдығы – Еңбек адамының мәртебесін көтеріп, құқығын қорғау. Партияның бұл ұстанымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған саясатымен толық үндеседі.
Аталған қағида Абай өңіріндегі басқосудың да басты тақырыбына айналды. Форумдардың ең әсерлі сәттерінің бірі – маңдай терімен ел байлығын еселеп жүрген қарапайым жұмысшыларға, білікті ұстаздар мен дәрігерлерге салтанатты түрде құрмет көрсету дәстүрі. Өңірлік кездесулер аясында 50-ден астам өз ісінің адал мамандары жоғары кәсібилігі мен табандылығы үшін арнайы марапатқа ие болды. Мұндағы мақсат – қоғамда қарапайым адамның еңбегі бағалануы керек деген идеяны саяси күн тәртібінде нығайтып, оны жан-жақты қолдау.
Партия – жаңа мүмкіндіктер мен әлеуметтік лифт
Бүгінгі таңда саяси партияның өміршеңдігі мен беделі оның қоғамға беретін нақты мүмкіндіктерімен өлшенеді. Форум барысында Қазақстан Халық партиясының әрбір белсенді азамат үшін нағыз әлеуметтік лифт қызметін атқаратыны жан-жақты көрініс тапты. Бұл – мықты тұлғалар өз әлеуетін толық ашып, еліне нақты пайдасын тигізе алатын ашық платформа.
Жиын барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқар қатардағы азаматтың қоғам қайраткеріне немесе саясаткерге айналу жолдарын, қойылатын талаптар мен берілетін мүмкіндіктерді кеңінен тарқатып айтты. Осы арқылы партия саясатты тек алдын ала таңдалатындардың емес, қоғамға пайдасын тигізгісі келетін кез келген азамат үшін мүмкіндік алаңы ретінде таныстыруда. Осындай ашық түсіндіру жұмыстары ҚХП-ның еліміздің жаңарған саяси жүйесіндегі рөлін сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп отыр.
ҚХП форумдарының басты идеяларының бірі – "Күш – әрқайсымызда"!
Қазақстан Халық партиясы форумдарының маңызды бір сипаты – қатысушыларға ерекше шабыт беретін рухты атмосферасы. Мұндай ауқымды жиындарда тағдыр сынағына мойымаған, өз ісімен өзгелерге жігер беретін тұлғалардың сөз алуы жақсы дәстүрге айналған.
Осы өткен форумдағы ерекше әсерлі сәттердің бірі – паралимпиада спортшысы, IT маман Айсұлу Сүлейменованың мінберге көтерілуі болды. Жиырма жасында ауыр жағдайда екі аяғынан айырылса да, екі протезбен тік тұрып сөз сөйлеген оның хикаясына залдағы ешкім бейжай қарай алмады. Өмірге құштарлығын жоғалтпаған қайсар жанның "Мен өз қадамымды аяқпен емес, жүрекпен жасадым" деген сөзі көпшіліктің көңіліне терең бойлады. Айсұлу теңдессіз қайсарлық пен даналық иесі ретінде қатысқан жұртқа қуат сыйлап, "Қазір болмаса, қашан?" деп нақты әрекетке көшудің жарқын үлгісін көрсетті. Осындай азаматтардың сөз алуы форумның басты ұранының түпкі мағынасын ашып берді.
Өңірлер қуаты және қатардың толығуы
Форум барысында Абай облысының рухани және интеллектуалдық әлеуеті туралы көп айтылды. Партияның ұстанымы бойынша, қуатты Қазақстан тек ірі қалалар арқылы ғана емес, мықты өңірлер арқылы қалыптасады. Осындай жасампаздық рух пен ашық диалогтың нәтижесінде ҚХП қатары күн санап артып келеді.
Форумның маңызды әрі салмақты сәттерінің бірі – партияға жаңадан қосылған азаматтарға партиялық билеттерді салтанатты түрде табыстау рәсімі болды. Жаңа мүшелерге бұл құжат тікелей партия төрағасы мен көшбасшыларының қолынан табысталады. Бұл дәстүр саяси күштің халық арасынан шыққан тың, табанды азаматтармен үнемі толығып отыратынын білдіреді. Жалпы өңірлік форумдар аясында 1300-ден астам азамат партияға кіруге шешім қабылдап, өздерінің партиялық билеттерін алды. Мүшелікке кірген азаматтар партия мақсаттары мен атқарған істеріне шынайы қызығушылық танытты. Бұл – партияның нақты жұмысына берілген халықтың шынайы қолдауының көрінісі.
Абай өңіріндегі басқосумен жалғасқан оныншы форум – Қазақстан Халық партиясының жүйелі әрі табанды жұмысының айқын көрінісі. Ашық форумдар мен пікірталас алаңдары арқылы партия қоғаммен байланыс орнатудың өзекті моделін көрсетіп отыр. Өткізілген жиындар партияның электоратпен жұмысын үш негізгі бағытқа – Еңбек адамына құрмет көрсетуге, мықты өңірлерді дамытуға және ашық қоғамдық диалог орнатуға сүйене отырып жүргізетінін дәлелдеді.
Алдағы парламенттік сайлау қарсаңында дәл осы стратегия – халықпен тікелей байланыс, өңірлік күн тәртібіне басымдық беру және қарапайым азаматтардың мүддесін қорғау – саяси ұйымның электоралдық сенімін күшейтудің басты құралына айналып отыр. Партия өзін халыққа жақын, өңірлердің мәселесін түсінетін, әділеттілікке негізделген қуатты саяси институт ретінде тағы бір мәрте бекітті.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты