Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне қой етін ел ішіндегі бағадан арзанға сатып жатыр

Қазақстанда қой еті аграрлық экономиканың жағдайын көрсететін көрсеткіштердің біріне айналып келеді. Бұл инфляция деңгейін, мал азығының құнын, экспорттық сұранысты, логистиканы және халықтың төлем қабілетін көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримов economyKZ.org сайтына арналған сараптамалық материалында қой шаруашылығы әлі де қымбат әрі ақталуы ұзақ уақытты қажет ететін кәсіп екенін айтады. Мамандардың бағалауынша, бір қошқарды ұстау айына шамамен 9 мың теңге, яғни жылына 100 мың теңгеден аса шығын шығады. Ал 400 басқа арналған шаруашылықтың өзін-өзі ақтауы үш жылдан да ұзаққа созылуы мүмкін.
Еттің бағасына жем-шөп, жанармай, логистика және маусымдық сұраныс әсер етеді. Әсіресе діни мерекелер алдында нарық өте сезімтал болып, қой етіне сұраныс күрт артады.
Тағы бір маңызды фактор – экспорт. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне қой етін жеткізуді кеңейтіп жатыр. Сарапшы дерегінше, ол жаққа апта сайын шамамен 7 тонна салқындатылған қой еті жіберіледі, ал болашақта бұл көлем аптасына 10 тоннаға дейін өсуі мүмкін.
“Өндірушілер үшін экспорт тартымды көрінеді: Парсы шығанағы елдері азық-түліктің басым бөлігін импорттайды, ал халал ет өнімдеріне сұраныс тұрақты түрде жоғары. Алайда белсенді экспортқа қарамастан, ішкі нарықта бағаның неге жоғары болып отырғаны сұрақ туғызады. Келтірілген есеп бойынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде бір қойдың орташа бағасы шамамен 860 дирхам, яғни 110 мың теңгеге жуық, ал қой етінің 1 келісі шамамен 30 дирхам, яғни 3 800 теңге. Қазақстанда болса, қой етінің 1 келісі шамамен 4 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Яғни кейбір өнім түрлері бойынша ішкі нарық сыртқы нарықтан қымбаттау болып отыр”, – делінген материалда.
Сарапшының айтуынша, мұның бірнеше себебі бар.
- Біріншіден, экспорттық жеткізілімдер көбіне көтерме түрде және ұзақ мерзімді келісімшарттармен жасалады, мұнда баға бөлшек саудадан төмен болады.
- Екіншіден, қазақстандық өндірушілер Австралия, Үндістан және Пәкістан сияқты елдермен бәсекелесу үшін сыртқы нарықта бағаны төмендетуге мәжбүр.
- Үшіншіден, ішкі нарық делдалдарға және маусымдық сұранысқа қатты тәуелді.
Бұл мәселені шешу үшін сарапшы бағаның маусымдық күрт өсуі кезінде, әсіресе Құрбан айтқа бір-екі ай қалғанда, уақытша экспорттық шектеулер немесе квоталар енгізуді ұсынады.
Сондай-ақ сарапшы мемлекеттік бірлескен қаржыландыру арқылы өңірлік бордақылау және сою орталықтарын құру қажет деп есептейді. Бұл фермерлерге өнімді делдалсыз, тікелей өңделген күйде сатуға мүмкіндік берер еді.
Басқа ұсыныстар қатарында құрғақшылық кезеңдерінде жем-шөпті субсидиялау, мемлекеттік жем-шөп қорын қалыптастыру, қой шаруашылықтарына кемінде үш жыл мерзімге жеңілдетілген несие беру, мал шығыны мен климаттық тәуекелдерден сақтандыру жүйесін енгізу бар.
Сонымен қатар, сарапшы өңірлер бойынша тірі мал мен қой етінің бағасын цифрлық мониторинг арқылы бақылау жүйесін енгізуді ұсынады. Бұл жоғары сұраныс кезінде алыпсатарлықты азайтуға мүмкіндік береді.
Сндай-ақ ел ішінде дайын халал өнім өндірісін дамытуды ұсынды. Салқындатылған ет, жартылай фабрикаттар және консервіленген өнімдер шығару керек дейді ол.
“Мұндай шараларсыз Қазақстанда парадоксалды жағдай сақталуы мүмкін: тарихи түрде қой шаруашылығы дамыған, мал басы миллиондаған ел бола тұра, ішкі нарықта қой етінің бағасы жоғары болып қала береді”, – деп пікір білдірді Ерлан Каримиов.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты
Оқыңыз