Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық суретшінің картинасы Энрике Иглесиастың назарына ілікті

Энрике Иглесиас
Фото: Instagram.com/enriqueiglesias/

Әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиас қазақстандық суретші әрі блогер Әсел Сабыржанқызының ерекше туындысын әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі Facebook пен X желісіндегі жазбасына “See you soon Kazakhstan”, яғни “Жақында кездескенше, Қазақстан” деп жазған. Айта кетейік, Энрике Иглесиастың Facebook-тегі парақшасына 49 миллион, ал X желісіндегі аккаунтына 10,9 миллион адам жазылған.

Әсел Сабыржанқызы ерекше өнерімен көпшілікке танылып жүрген суретші. Ол дәстүрлі кенептің орнына кілемді пайдаланып, түрлі туындылар салады. Бұл жолы суретші Энрике Иглесиастың үлкен портретін кілем бетіне аэрозоль бояулармен бейнелеген.

Бейнероликке әншінің танымал Ring My Bells әні қойылған. Видеодағы оқиға желісі бойынша, шығармашылығын қолдамайтын күйеуімен сөзге келіп қалған кейіпкер ғимараттың шатырына шығады. Сол жерде ол кілемді кенеп ретінде пайдаланып, Энрике Иглесиастың портретін салады.

Суретші жазба астында оқырмандарынан Энрике Иглесиасты пікірде белгілеуді сұраған. Оның тілегі екі күнге жетпей орындалды. Әнші қазақстандық суретшінің жұмысын байқап, видеоны өзінің ресми парақшаларында бөлісті.

Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының назарын бірден аударып, Энрике Иглесиастың Қазақстандағы алдағы концерттеріне деген қызығушылықты одан әрі арттырды.

Энрике Иглесиас – әлемдік поп-музыка тарихындағы ең табысты орындаушылардың бірі. Billboard нұсқасы бойынша, ол барлық уақыттағы ең үздік латынамерикалық әртіс атанған. Әнші шығармашылық жолында 180 миллионнан астам музыкалық өнім сатқан.

Биыл күзде Энрике Иглесиас Қазақстанда алғаш рет жеке концерт береді. Әншінің концерті 3 қыркүйекте Астанада, 5 қыркүйекте Алматыда өтеді.

Көрермендерді жанды дауыстағы толыққанды әлемдік шоу, ауқымды сахналық қойылым және ерекше атмосфера күтіп тұр. Қазақстандық сахнада әншінің Bailando, Hero, Escape, Tonight, Súbeme La Radio және басқа да танымал хиттері орындалады.

Еске салайық, бұған дейін көпшілікке Ассоль лақап атымен танымал алматылық суретші Әсел Сабыржанқызы әлемдік әншілер Николь Шерзингер, Тимбалэнд және Кери Хилсонға өз туындыларын сыйлағаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 14 Шілде, 2026 16:55