Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Джеки Чан Алматыдан кейін Маңғыстауға барды

Джеки Чан Маңғыстауда
Фото: instagram.com/mangystau_oblysynyn_akimdigi

Әлемге әйгілі актер, режиссер, продюсер әрі жекпе-жек өнерінің шебері Джеки Чан Маңғыстау облысына барды. Оны өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай қарсы алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, Джеки Чан өңірге жаңа халықаралық көркем фильмнің түсіріліміне қатысу үшін келген. Актер “Құдайдың сауыттары 4: Ультиматум” / Armour of God: Ultimatum фильмінде бой көрсетеді.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мұндай деңгейдегі халықаралық жобаның Маңғыстауда түсірілуі өңір туризмін дамытуға, инвестиция тартуға және аймақтың әлемдік деңгейде танылуына жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Джеки Чан жылы қабылдауға алғыс білдіріп, Маңғыстаудың табиғи ландшафтары ерекше екенін айтты. Оның сөзінше, өңірдің көрікті жерлері фильмнің жарқын бөлігіне айналмақ.

Әкімдіктегілердің айтуынша, Маңғыстаудың ірі киножобаның негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде таңдалуы әлемдік киноиндустрияның Қазақстан табиғатына деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Фильмнің басты локацияларының бірі ретінде әлемге танымал Бозжыра шатқалы таңдалған.

Джеки Чанның Маңғыстауға келгенін естіген тұрғындар әлеуметтік желіде жылы пікірлерін жазып жатыр.

“Бала күніміздің кумирі”, “Неткен қарапайым адам”, “Джеки Чанды өз көзіңмен көру – арман ғой”, “Маңғыстауға қош келдіңіз!”, “Кішкентай кезімізде оның фильмдерін көрмей ұйықтамайтынбыз”деп жазды желі қолданушылары.

Еске салайық, 9 шілдеде Джеки Чан Алматыға келген еді. Онда Armour of God: Ultimatum халықаралық көркем фильмінің ресми басталу рәсімі өтті. Салтанатты шарада ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева актерге Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланысты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірген еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 14 Шілде, 2026 16:08