Ресейлік блогер Варламов Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы фильміне қатысты сынға жауап берді

Ресейлік танымал блогер Илья Варламов Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында түсірген деректі фильміне қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер өз фильмінде Қазақстанды Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың “эпицентрі” деп атаған. Осыдан кейін әлеуметтік желіде қызу талқылау басталды. Бірі авторға қоғамдағы өзекті мәселені көтергені үшін алғыс білдірсе, енді бірі оны елдің беделіне нұқсан келтірді деп айыптады. Кейбір қолданушылар Ресейдің өзінде де тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі күрделі екенін алға тартты.
Илья Варламов бұл пікірлерге әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді.
“Фильмде мен Қазақстанды тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі деп атадым. Threads желісінде біреулер көтерілген тақырып үшін алғыс айтып жатыр, ал енді біреулер фильм елдің беделіне нұқсан келтіреді деп санайды. Біздің фильм кейіпкерлерінің бірі мұны дәлірек айтты “Қазақстан – тек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың эпицентрі емес. Бұл – қылмыстарды жүйелі түрде жасырудың эпицентрі”, – деп жазды блогер.
Варламов өз ұстанымын дәлелдеу үшін фильмде айтылған қазақстандық әйелдердің қайғылы оқиғаларын мысалға келтірді. Оның айтуынша, кей жағдайда мемлекеттік органдар жәбір көрген әйелдерді дер кезінде қорғай алмаған.
Соның бірі – Антонида Сурованың ісі. Әйел күйеуінің үстінен полицияға сегіз рет арыз түсірген. Ер адам уақытша қамауға алынғанымен, оған қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Ақыры бұл жағдай әйелдің өлімімен аяқталған.
Тағы бір қайғылы оқиғада отбасындағы зорлық-зомбылық жасаған ер адам дер кезінде оқшауланбаған. Соның салдарынан ол өз қыздарының үйлену тойы күні жұбайының өмірін қиған.
Блогердің сөзінше, фильмнің мақсаты елді қаралау емес, қоғамдағы жүйелі кемшіліктерге назар аударту.
“Threads желісінде елдің беделі туралы дау жүріп жатқанда, әйелдер нәтижесіз қалған арыздары, туыстары тарапынан жасалған қысым және жылдар бойы жабулы күйінде қалған қылмыстар туралы айтып жатыр. Менің фильмім дәл осы туралы”, – деді Илья Варламов.
Көкжайлаудағы QR-код жұртты шулатты: Аумаққа кіру ақылы болып кетті ме
Оқыңыз