Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар Үлкен Алматы жағасындағы асфальт жабынының бірнеше рет сүрілгеніне наразы: Әкімдік бұған бюджет қаражаты кетпегенін түсіндірді

Үлкен Алматы
Фото: Thread/kostyanoyy

Алматыдағы Үлкен Алматы жағасындағы асфальт осымен бірнеше рет сүріліп, қайта төселді деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қала тұрғындарының айтуынша, шаһардағы Үлкен Алматы жағасындағы асфальтті биылғы жазда осымен бірнеше рет сүріп, қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Фото: желіден скриншот

Алматы экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, құрылыс барысындағы техникалық бақылау кезінде нысанның жекелеген учаскелерінде асфальтбетон жабынының сапасына қатысты кемшіліктер анықталған. Осыған байланысты мердігер ұйымға анықталған ақауларды жою туралы тиісті нұсқамалар берілген.

"Қазір мердігер ұйым асфальтбетон жабынын бұзып, қайта төсеп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы мердігердің шарттық және кепілдік міндеттемелері аясында өз қаражаты есебінен орындалып жатыр. Аталған жұмыстарға қосымша бюджет қаражатын бөлу қарастырылмаған", — делінген хабарламада.

Сондай-ақ басқарма нысанның құрылысы толық аяқталмағанын және пайдалануға берілмегенін атап өтті.

Қазіргі құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары, сондай-ақ анықталған барлық кемшіліктерді жою жалғасып жатыр.

"Басқарма құрылыс жұмыстарының барысына тұрақты техникалық бақылау жүргізіп отыр. Барлық ескерту толық жойылып, нысанның жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларының талаптарына сәйкестігі расталмайынша, ол пайдалануға қабылданбайды", — делінген хабарламада.

Қала әкімдігі нысан жобада көзделген барлық жұмыс толық әрі сапалы аяқталып, анықталған кемшіліктер белгіленген тәртіппен толық жойылғаннан кейін ғана пайдалануға берілетінін жеткізді.

Қырмызы Скендір
Сейсенбі, 14 Шілде, 2026 12:58