Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоқыс үйінділері қашықтықтан тексеріледі: Қазақстанда экологияға келтірілген зиян үшін жауапкершілік күшейтілмек

қоқыс полигоны
Фото: pexels.com

Мәжіліс отырысында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Қазақстанда стихиялық қоқыс үйінділерін жоюға қатысты талаптарды күшейіп, мемлекеттік органдар арасындағы жауапкершілікті нақтырақ бөлінетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәселе "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарау барысында көтерілді.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым стихиялық қоқыс үйінділері, әсіресе ауылдық жерлерде, әлі де үлкен мәселе екенін алға тартты.  

"Арнайы бөлінген алаңдар болғанына қарамастан, қоқыс сол жерлерге жеткізілмейді. Нәтижесінде ауылдардың жанында қоқыс үйінділері пайда болады. Олар халықтың денсаулығына үлкен зиян келтіреді. Кодексте мұндай заңсыз қоқыс үйінділерін бақылау және мониторинг жүргізудің нақты тетіктері қарастырылған ба?", – деді депутат.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев бұл мәселенің өзекті екенін мойындады.

"Иә, шынымен де, дұрыс атап өттіңіз. Стихиялық қоқыс үйінділері бүгінгі таңда күрделі мәселе болып отыр. Өкінішке қарай, бұл процесс әлі де жалғасуда. 2018 жылдан бастап заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау жұмысына "Қазақстан Ғарыш Сапары" АҚ тартылған. Компания тұрақты түрде ғарыштық зондтау жүргізеді. Соның арқасында заңсыз қоқыс тастау орындары қашықтан анықталады. Олар үнемі ғарыштан бақылау жүргізеді. Соның нәтижесінде заңсыз қоқыс үйінділері анықталады. Одан кейін жергілікті әкімдіктермен бірге сол қоқыстарды жою шаралары қолға алынады", – деп қосты ол.

Әлиевтің айтуынша, жаңа заңнамада мұндай қоқыс үйінділерін жоюға қатысты талаптарды күшейту шаралары қарастырылып отыр. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен орталық уәкілетті орган арасындағы міндеттерді нақтырақ бөлу ұсынылып отыр.

"Егер өткен жылдың талдауын алсақ, ғарыштық зондтау аясында анықталған стихиялық қоқыс үйінділерінің 98 пайызы жойылған", – деп қосты Әлиев.

Оның айтуынша, қазір министрлік жергілікті әкімдіктер, орталық орган және заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына себеп болатын адамдардың жауапкершілігін нақты бөліп реттеу үстінде.

Сонымен қатар мұндай заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту жоспарланып отыр.

Stan.kz
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 11:32