"Мен әрдайым үздіктер қатарында болдым": Шайдоров жеңісіне күмән келтіргендерге жауап берді

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовке берген сұхбатында өзінің тарихи жеңісіне қатысты айтылған пікірлерге жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тимур Балымбетов кейбір желі қолданушылары оның алтын медалін “кездейсоқ жеңіс” деп бағалағанын айтып, оның ойын сұрады.
Ал Шайдоров мұндай пікірлер өзіне әсер етпегенін жеткізді.
“Брюс Ли айтқандай, мүмкіндіктер оны пайдаланғанда көбейеді. Мұндай пікірлер мені аса мазаламады. Өйткені мен бір күнде Олимпиада чемпионы болып кеткен жоқпын. Бұл жолға көп жылымды арнадым”, – деді спортшы.
Михаил Шайдоров өзінің бұған дейінгі жетістіктерін де еске салды. Оның айтуынша, ол төрт құрлық чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ Гран-при финалына екі рет жолдама алған спортшы.
“Мен әрдайым үздіктер қатарында болдым. Олимпиадаға әлемдік рейтингте үшінші нөмірмен бардым. Қазір де шамамен үшінші орында тұрмын”, – деді ол.
Спортшы мәнерлеп сырғанаудың өте күрделі әрі болжауға келмейтін спорт түрі екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұз үстінде кез келген сәт шешуші рөл атқаруы мүмкін.
“Әрине, мұз тайғақ. Көпшілік Ильяның жеңісін күтті. Бірақ спортта бәрі алдын ала жазылған сценариймен жүрмейді. Кейде бәрін мінез, сәт және сол сәттегі ішкі дайындық шешеді"”, – деді Шайдоров.
ОқыңызОлимпиада чемпионының айтуынша, Олимпиада ойындары тек техникалық шеберлік емес, ең алдымен үлкен қысымға төтеп беру қабілетін де талап етеді.
“Мәнерлеп сырғанау – өте күрделі спорт. Кейде элементтер орындалмай қалатын кездер болады. Менде де ондай жағдайлар болған. Ал Олимпиада – қысымға төтеп беру туралы жарыс. Маған да оңай болған жоқ. Бірақ мен оны еңсердім”, – деді ол.
Шайдоров жеңіс сәтінде өзіне сенудің өзі қиын болғанын айтты. Ол медальдан үміттенгенімен, алтын жүлде туралы нақты ойлау қиын болған.
“Жеңгенімді білген кезде сене алмадым. Медаль аламын деп ойладым, бірақ алтынға үміт арту қиын еді. Туды көтерген сәтте көзіме жас келді. Сол кезде бүкіл жолым көз алдымнан өтті: жеңілістерім де, жеңістерім де. Сол сәтте мен мұны шынымен лайық екенімді түсіндім”, – деді Михаил Шайдоров.
Спортшы біршама уақыт өткен соң ғана өзінің Олимпиада чемпионы атанғанын сезіне бастағанын айтты.
“Олимпиада чемпионы екенімді түсіну кейін келді. Ал бұл жеңісті шынымен еңбегіммен алғанымды сезіну бірден басталды. Бұл мен үшін өте үлкен жеңіс. Соңғысы емес деп үміттенемін”, – деді ол.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты