Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола індетінің таралуына байланысты дабыл қақты

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетінің бақылаудан шығу қаупі бар екенін мәлімдеді. Ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, елдің шығысындағы қарулы қақтығыстар індетпен күреске кедергі келтіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, Итури провинциясында індетті тежеу шараларына қарағанда аурудың таралуы жылдам жүріп жатыр. ДДСҰ басшысы әскери қимылдар дәрігерлер мен гуманитарлық ұйымдардың жұмысын айтарлықтай қиындатып отырғанын айтты.
"Қазіргі уақытта Бундибуджио штаммындағы Эбола вирусына қарсы мақұлданған вакцина да, тиімді емдеу тәсілі де әзірленбеген. Инфекцияның таралуын тек гуманитарлық қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы ғана тежеуге болады. Алайда жалғасып жатқан қақтығыстар халықтың жаппай қоныс аударуына әкеліп жатыр. Жұқтырғандармен байланыста болған адамдар адам лық толған лагерьлерге орналастырылуда. Бұл індетпен күрестің негізгі тетіктерін бұзып отыр", – деді ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Бундибуджио.
Сондай-ақ ол алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері күн сайын өмірін қатерге тігіп жүргенін атап өтті. Ұйым жетекшісі қақтығыс тараптарын медициналық бригадалардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету және аурудың әрі қарай таралуына жол бермеу үшін дереу атысты тоқтатуға шақырды.
Asia One мәліметінше, Конгодағы Эбола індетіне байланысты бірқатар ел шектеу шараларын енгізген. Мұндай шараларды АҚШ, Уганда, Канада, Багам аралдары, Үндістан, Иордания, Бахрейн, Таиланд, Кения, Мексика және Кайман аралдары қабылдаған.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты
Оқыңыз