Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Спортты дамыту дирекциясы Шайдоровтың неге жалақы алмай жүргенін түсіндірді

Михаил Шайдоров
Фото: ҚР ҰОК, Сали Сабиров

Спортты дамыту дирекциясы мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың неге жалақы алмай жүргенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дирекция мәліметінше, спортшыларға жалақы қолданыстағы келісімшарттарға сәйкес төленеді. Ведомство Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айлары үшін жалақы бұрынғы келісім негізінде толық көлемде төленгенін мәлімдеді.

Ал наурыз айынан бастап жаңа олимпиадалық циклдің басталуына байланысты жаңа еңбек шартын жасасу жоспарланған. Бұл құжатта спортшының жоғары мәртебесі ескеріліп, қаржыландыру шарттарын едәуір жақсарту көзделген.

Ақпаратқа сәйкес, қазір келісімшарт жобасы тараптар арасында талқыланып, заңдық тұрғыдан келісіліп жатыр. Осыған байланысты құжатқа қол қою процесі созылып кеткен. Дирекция жалақы төлемдері жаңа шарт жасалғаннан кейін бірден қайта жалғасатынын мәлімдеді.

Ведомство деректеріне сүйенсек, қазір тараптар жоғары жетістіктер спортында қолданылатын тиімділік көрсеткіштерін келісіп жатыр. Дирекция мұның әлемдік тәжірибеде бар қалыпты талап екенін атап өтті. Мұндай жүйе өзара міндеттемелер мен бюджет қаражатын мақсатты пайдалану қағидаттарына негізделеді.

“Мұндай келісімшарттар Ұлыбритания, Аустралия, Германия, Оңтүстік Корея және басқа да жетекші елдердің спорт ведомстволарында кеңінен қолданылады. Мемлекет спортшыларға жақсы жағдай жасап, толық қамтамасыз етеді. Ал оның орнына жоғары спорттық нәтижеге ұмтылуды күтеді”, – делінген түсініктемеде.

Сонымен бірге Дирекция жаңа еңбек шартын келісу процесіне қарамастан, мемлекет Михаил Шайдоровтың Миланда өткен Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңісі үшін барлық міндеттемені толық орындайтынын атап өтті. Яғни, алтын медаль үшін спортшыға 250 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы төлеу, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған.

Спортты дамыту дирекциясы Михаил Шайдоровпен және оның командасымен тұрақты әрі конструктивті диалог жүріп жатқанын хабарлады.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров алтын медаль алғаннан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдегені хабарланған еді.

Ол Олимпиададан кейін жалақысы жарияланғанына наразы болып, Туризм және спорт министрлігін сынға алған еді. Шайдоров оның дәл осы әрекеті қазіргі қаржылық мәселелерге себеп болуы мүмкін деп санайды.

Спортшы сондай-ақ 1 ақпаннан бастап ресми дәрігерлік бақылаудан да айырылған көрінеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 11:20