41 мың теңге айыппұл: Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда бет-жүзін жауып жүретін азаматтарға ескерту жасады

Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдер киюіне байланысты ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство бұлай киініп жүру заң бұзушылық екенін алға тартты.
“Бұл норма "Құқық бұзушылық профилактикасы" заңының 75-бабы 3-тармағында көзделген. Адамның түр-сипатын көзбен тануға кедергі келтіретіндей дәрежеде бетті жабатын киімдерді кию құқық бұзушылық болып саналады. Тыйым ауа райы жағдайларына және медициналық ұсынымдарға қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де тыйым салынбайды”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар бұл құқық бұзушылыққа әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабы қолданылатынын да атап өтті. Бұл бап бойынша алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш (41 340 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Қазіргі уақытта аталған құқық бұзушылық бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
“Тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын және бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылатынын атап өтеміз. Ішкі істер органдары азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген ережелерді сақтауға шақырады”, – деп қорытты ведомство.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты
Оқыңыз