Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмысқа орналасу үшін дипломның орнына біліктілік сертификатын қолдануға рұқсат етілмек

дипломсыз жұмысқа тұру
Фото: leaderg.ru

Қазақстанда жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Соған сәйкес, кейбір жұмыстарға тек дипломмен емес, кәсіби біліктілігін растайтын сертификатпен де жұмысқа орналасуға болады. Яғни, адам оқу орнын бітірмесе де, өз ісін жақсы білетінін құжатпен дәлелдей алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, заң жобасы аясында жұмысқа орналасу кезінде кәсіби біліктілікті растайтын сертификаттарды қолдануға рұқсат беру ұсынылып отыр.

"Біз дипломдарды жоққа шығармаймыз. Ал кәсіби біліктілікті тану туралы құжат қосымша болады. Мысалы, егер адамның дипломы болмаса, ол өзінің кәсіби біліктілігін дәлелдей алады. Дәл осындай жағдайларда сертификат қабылданатын болады", – деді ол.

Бұл норма қызмет көрсету саласына, қонақүй бизнесіне, шаштараздарға және басқа да қызмет түрлеріне қатысты болады. Сондай-ақ құжатта жұмыс берушілердің колледждердің білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысуы қарастырылған.

Сонымен қатар заң жобасында тағы бір маңызды мәселе қарастырылған. Яғни, Қазақстанда жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға адамдардың қоныс аудару тәртібі нақты белгіленбек. Бұдан бөлек, мемлекет азаматтардың өз еркімен басқа өңірге көшіп баруына да қолдау көрсетеді.

Жергілікті билік органдарын Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылар құрамына енгізу жоспарланып отыр. Ал аккредитация органдарының өкілдері жұмысшылардың өкілдерімен алмастырылады.

"Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытынды берді", — делінген құжатта.

Stan.kz
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 12:33