Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев адамзаттың жасанды интеллектінің даму қарқынына ілесе алмай жатқанын айтты

Тоқаев (13)
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықтың ЖИ-ді түсініп, бағалау және реттеу бағытындағы ұжымдық қабілеті қалыптасып үлгергенше, оның мүмкіндіктері әлдеқайда озып кетуде деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл орайда жасанды интеллектіні дамыту ісі өзара текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуі қажет екені айтылды.

“Сондықтан мен Ұйымға мүше мемлекеттер мен мүдделі тараптардың барлығын жасанды интеллект стандарттары мен этикасын реттейтін тұрақты сарапшылық платформа құруға шақырамын. Сайып келгенде, ЖИ-дің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан алдағы уақытта аталған саланы жетік меңгерген мамандарға сұраныс күшейеді. Біз жастарды цифрлық машықтарды игеруге, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз керек. Осыған орай Қазақстан Дүниежүзілік Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік құруды ұсынады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол сөзін қорыта келе еліміздің бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және жан-жақты өркендеу жолында жасанды интеллектінің әлеуетін пайдалануға ниетті барша серіктестермен нәтижелі ықпалдастық орнатуға дайын екенін жеткізді.

Бұған дейін Тоқаев жасанды интеллект инфрақұрылымына және онымен байланысты технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеппен 47% өскенін айтқан еді. 

Stan.kz
Жұма, 17 Шілде, 2026 14:45