Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллектіні адамның басқаруында қалдыру – ортақ міндет – Тоқаев

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылуы салтанатына қатысты. Онда Тоқаев ЖИ экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар салаға айналғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаевтың сөзінше, жасанды интеллект инфрақұрылымына және онымен байланысты технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеппен 47% өскен. 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр.

“Жасанды интеллектіні басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет. Cонымен қатар трансформация үдерісі геосаяси шиеленіс ушығып, ірі әлемдік державалар арасындағы сенімге селкеу түскен, жік-жікке бөлінген кезеңде жүріп жатыр. Мемлекеттердің көбі қақтығыстарға тосқауыл қоюға мән бермейді, есесіне оның салдарын жоюға күш-жігерін сарқа жұмсайды. Жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйесін, превентивті дипломатияны, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік әрекеттерді күшейту арқылы бізге осы қисынсыз түсінікті өзгертетін тарихи мүмкіндік беріп отыр”, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект әділ әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күші бола алады. Ол бірде бір ел жасанды интеллектіні тұтынумен шектелмеуге тиіс дейді.

“Адами капиталы мен цифрлық инфрақұрылымын дамытып, институционалдық әлеуетін көтеруге кез келген мемлекеттің мүмкіндігі болуы керек. Бұл жерде әңгіме тағы да әділдік пен адалдыққа барып тіреледі. Жасанды интеллектіні экономика мен қоғам игілігіне пайдалану, сөйте тұра оны адамның саналы әрі қабілетті басқаруында қалдыру – баршамызға ортақ міндет”, – деді Тоқаев.

Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім деп санайды. Аталған ұйым ЖИ-ді басқаратын әмбебап құрылымның негізін қалайтынына сенімді.

Қырмызы Скендір
Жұма, 17 Шілде, 2026 14:42