Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұмысты тастап кетуге болмайды": Қызметіне адал арыстық банк күзетшісі марапатталады

Арыс қаласындағы жарылыс кезінде жұмыс орнында болған "Халық банк" күзетшісінің еңбегі еленбей қалмайды. Банк тарапынан сыйақы берілетін болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Арыс қаласында болған жағдай бүкіл елді есеңгіретіп тастады. Таң атпастан снарядтардың жарылған даусынан шошынған халық аяқ киім киюге шамасы келместен жанұшыра, бассауғалап қаша жөнелген. Бірақ банк күзетшісі Пернехан Бекмырза қауіп төніп тұрғанын білсе де жұмыс орнын тастап кетпеген. 

Басшылар рұқсат бермей, жұмыс орнын тастап кете алмайтынын айтқан күзетшінің жұмысына деген адалдығы көпшілікті сүйсіндірді.

Stan.kz тілшісі "Халық банктың" баспасөз қызметіне хабарласып, Пернехан мырзаның ерен еңбегі елене ме деген сауал қойды. Банк басшылығы бұл ерлікті елеусіз қалдырмауға уәде берді. 

"Пернехан Бекмырзамен қатар 9 инкассатор банк тарапынан ақшалай сыйақымен марапатталады. Бірақ сыйақы көлемін айта алмаймыз. Олар сол бөлімшені және барлық банкоматтарды тонап кетудің алдын алған. Өмірлеріне қауіп төнсе де, халық ақшасын сақтап қалған ерлерімізге алғыс білдіреміз және еңбектерін бағалаймыз", - дейді "Халық банктың" маркетинг және пиар департаментінің директор орынбасары Сағынбек Шункеев. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, Арыстағы жарылыстан кейін "Халық банк" бөлімшесінің күзетшісі жұмыс орнын тастауға бас тартқан.

Журналистерге берген сұхбатында ол: "Өмірімізді қайтеміз енді, амал жоқ. Халықтың ақшасы бар. Оны қараусыз тастап кетуге болмайды", - деген еді. 

Талқылау