Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төменгі қабаттан пәтер сұрайтындар қатары артты": Алматыда жер сілкінісінен кейін үй бағасы түсе ме?

Алматыда пәтердің шаршы метрі 700 мыңға дейін арзандауы мүмкін. Мұндай болжамды риелторлар айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: cud.news

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйдің 14-қабатында тұратын Тәуке хан Бақытжанұлы жары екеуі жер дүмпуі кезінде пәтерде болған. "Жоғарғы қабаттан жердің қозғалғанын қатты сездік" деген ол сол түні жеке үйдің жарнамасын қарай бастаған. Алайда аяқасты ауыс-түйіске дайын болмағандықтан 14-қабаттан 4-қабатқа көшуге мәжбүр болған.

“Жоғарғы қабат болған соң жер сілкінгені қаттырақ сезіледі. Жел соққанда желбіреген жапырақ сияқты болдық. Сондықтан сол түні жаңа пәтер қарадық, – деді қала тұрғыны Тәуке хан Әріпхан.



"Көшуге келісімшарт жасап, жер үйден жай табамыз" деген тұрғындардың тағы біразы ескі үйді алуға дайын болған. Алып-сатумен айналысатын мамандарға кірпіш үйге көп сұраныс түскен.

“Көп адам жер сілкінісінен соң, қатты үрейленіп қалды. 14-қабатта тұратын жас отбасы 2-3-қабаттан пәтер сұрады. Ал пәтер арзандайды. Жоғарғы қабаттағы пәтердің шаршы метрі 700-800 мың теңге түсуі мүмкін”, – деді риэлтор Ерболат Досалиев.

Тұрғын үйлердегі пәтер құнының төмендеуі уақытша болуы да мүмкін Оны мамандар психологиядағы эйфория түсінігімен байланыстырады. Яғни, зілзаладан секем алған сәтте шыққан шешім болуы мүмкін. Алайда алматылықтарға жақсы таныс пәтер алып-сату платформасындағы жарнамалардың бірінде құны 65 миллион теңге болатын пәтердің қожайыны жер үйге ауысуға қарсы емес екенін көрсеткен. Ал 52 миллион теңгеге бағаланған үш бөлмелі баспананың иесі нақты тұрғысы келетін қала сыртындағы аумақтың мекенжайын жазып қойған. Демек, жер үйге деген сұраныстың бары айқын.

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сай, алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 

Талқылау