Толқын Тұрарбекқызы: Анам қалаған тәрбиенiң бойымдағы iргетасын енем әрі қарай көтеріп әкетті
Төреғали Төреәлінің жары Толқын Тұрарбекқызы анасын ардақ тұтса, енесін екінші анам деп құрметтейді. Екі ананы өмірде үлгі көреді. Толқын Тұрарбекқызы ел ардақтаған азаматтың жары атанғанына сансыз шүкіршілік етті.
“Басыңа бiр емес, қос-қостап бақ берейін десе бiр демде екен ғой, Аллаға шүкір! Бала күнiмнен өз анам мен үшін әйел-ана образының нағыз үлгісi, асыл қазынам. Мен оның әр iсiне, iзiне елiктеуге тырыстым. Кейін тұрмыс құрып, өз еліме жеткелi берi екінші анам менiң үлгі тұтар асылым, сыр-сандығыма айналды”, – деді Тұрарбекқызы.
Әншінің жары анасынан алған тәрбиенің жалғасын енемнен көріп келемін дейді. Өз жұртына келген соң қызындай көріп, бауырына басқан, тіпті сырласына айналған жан – енесі.
“Анам қалаған тәрбиенiң бойымдағы iргетасын енем әрі қарай көтеріп әкетті десем еш қателеспеймін. Екеуi де – ерiн хан көтере құрметтеген, ақылын парасатқа жалғаған, мұратын даналыққа бекіткен, ерiне ғана емес, ұрпағына, ұлтына адал қызмет етiп келе жатқан жандар. Сабырлы, саналы, жақындары үшін жүрегін жұлып беруге бар, сөйте тұра әйелге тән әдемiлiк, нәзіктігiн жоғалтпаған таза жауһарлар, асыл жақұттар!” – дейді ол.
Айтуынша, екі ана да өз патшасын құрметтей алатын, хан көтеріп жүрген әйел заты. Өз бойындағы әйелдік қасиетін сақтап, сабырлық танытуға кеңес береді. Олардан алған үлгісі өзінің ерін сыйлайтын әйел атануға жетеледі.
“Ал енді осыдан кейін мен өзімдi бақытты емеспін деп қалай айтайын?! Мен үшін мотивацияның көкесi де, даналықтың эталоны да – осылар! Шығар тауымның шыңы бұрын мұнартып тұрса, қазір ап-айқын көрінеді! Ол шың – қос анам секілді шаңырағымның шамшырағы болу”, – дейді әншінің жары.
Толқын ханым өзінің елге танылған, жұрты сыйлаған азаматтың жары атанғаны үшін Аллаға шүкіршілік айтты. Мұны ата-анасының дұғасының көмегі деп біледі.
- Төреғалидің жары: Күйеуіме дейінгі әрбір қадамым қайын атамның қадағалауымен болды
- Төреғалидің жары: Күйеуіме иілемін, сырт көзге қауқарсыз "лох" болып көрінгенімен бұл үлкен күш
“Иә, біз ата-анамызды таңдамаймыз! Олай болса осы қос бірдей анаға перзент болуға мені лайық қылған Жаратқанға мың шүкір! Мен бiрiнен тамыр алсам, бiрiнiң жалғасымын. Басыма бармақтай бақ бiтiп, ел ардақтаған ер азаматтың жары, бес балапанның анасы атансам, ол бірінші – Алла, екінші осы аналарымның тілегі мен дұғаларының арқасы деп білемін”, – дейді Тұрарбекқызы.
Толқын ханым аналардан көрген тәрбиесін өз ұрпағына беру міндетім деп санайды. Алла берген балапандарына өз анасы көрсеткен үлгіні көрсетпек. Бұл әрбір әйелдің, келіннің, ананың міндеті деп жазды.
“Ал енді осы аяулы аналардан басталған тәрбие атты сарқылмас бұлақтың суын балаларыма бере алсам, міне, одан асқан бақыттың көрінісі жоқ шығар. Ұрпақтан ұрпаққа берілетін тәрбие талбесіктен жер бесікке дейін жалғаса бермек. Бастысы сіздің қолыңыздағы компас дұрыс жолды көрсетсе болды.
Алламнан жақындарымның ғибратты ғұмырларын ұзақ етіп, жанымызда жүз жасасын деп тілеймін! Асылдарымызды барында бағалайық, қолдан келетін перзенттік парызымызды өтейік. Әрбір ана аман болсыншы, "әумин" деп қойыңыз”, – дейді ол.
Желі қолданушылары Толқын ханымның нағыз қазақ келіні екенін айтып, ақ тілегін жаудырды.
“Аумин. Сіздей инабатты келін нәсіп етсін”, “Керемет Алланың нұры жаусын”, “Әумин, керемет сөздер нағыз қазақ қыздарына, қазақ келіндеріне үлгі боларлық жансыз, менде үш баланың анасымын сізге қатты еліктеймін, Аллам Тағалам бар дұға-тілектерімізді қабыл етсін”, “Бақытты болыңыз!!! Ата-аналарымыз аман, ұрпағымыз салиқалы болсын!” – деп жазды желідегілер.