Тоқтар Әубәкіров: Жалақым мен зейнетақымды отбасыма әрең жеткізіп жүрмін
Тоқтар Әубәкіровтің қазіргі жастарға көңілі толмайды. Қазақтың тұңғыш ғарышкерінің айтуынша, бүгінгінің жастары жақсы қызметке отырса болғаны, даңдайсып кетеді. Сонымен қатар, ғарышкер өзінен көмек сұрайтын туыстары мен жалақысы туралы сөз етті.
Бұл туралы “Мақпал мекен” жобасында айтылды, деп жазады Stan.kz.
“Қазіргі жастарға рухани дүниенің керегі жоқ. Оларға керегі ақша. Бір жақсы орындыққа отырса болды, сол орындықпен туған сияқты болады. Менің кабинетім кішкентай. Маған біреулер кіреді ғой: – Ойбай, сіздің кабинетіңіз кішкентай екен, – дейді. Мен бұл жерде билеп жүрген жоқпын, жұмыс істеп отырмын деймін. Жұмыс істеуге маған үстел мен қалам, кітаптар тұрған сөре жетеді. Іші тар кісілер сырты кең болсын деп ойлайды.
Қазір ойланамын, көп кісілермен кездесіп, олардың ұстаздарымен, жол көрсететін, ақыл беретін кісілермен кездескен соң мына өмірге қарным ашады. Жалғыз мен тап-таза болған соң айтып жатқан жоқпын”, – дейді Әубәкіров.
Кезінде қазақтардың ішінен ғарыш әлемін алғаш болып көріп келген ғарышкер бүгінде аспанды сағынып жүргенін айтты. Сондай-ақ, балалы-шағалы болса да анасын жиі ойлайтынын тілге тиек етті. Бұдан өзге, ғарышкер өзінен ақша сұрайтын туыстары жайлы сөз етті.
“Көптеген кісілер ауылдан келеді. – Тоқтар аға, сізді естіп едік. Көмектесіңізші, – дейді. Менің беретінім жоқ. Сырттан ештеңе алмаймын. Жалақым бар, зейнетақым бар. Соған мен өз отбасымды әрең дегенде өсіріп, көтеріп жүрмін”, – дейді Тоқтар Әубәкіров.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.