Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқалдықты ұсынатын бай азаматтар да бар еді": Қатаң карантин кезінде жезөкшелер "клиентсіз" қалған

Коронавирустық пандемия көптеген адамдардың өміріне елеулі өзгерістер әкелгені рас. Кейбір азаматтар жұмыссыз қалып жатса, енді бірі мамандығын ауыстыруға мәжбүр болды. Жаңа салаға бет бұрған жандардың қатарында жеңіл жүріске салынған жезөкшелер де бар. Stan.kz сайтының тілшісі төсекті ыдыс жууға арналған құралдарға айырбастаған Гүлназ есімді келіншекпен сұхбаттасқан еді. 27 жастағы қызылордалық «Түнгі көбелек» басынан өткен жайттарға кеңірек тоқталды. 

-    Гүлнәз, қайырлы күн. Жеңіл жүріспен айналысып, жезөкшелікті кәсіп қылғанынызды жасырмай айтқаныныз үшін рахмет. Жалпы осы жолға түсуіңізге не себеп болды? 

-    Мен қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам мен жақындарым күні бүгінге дейін ауылда тұрады. Оқушы кезімде сәнді журналдарды көп оқитынмын. Өскенде әдемі қыз болып, танымал жұлдыз болғым келетін. Мектеп бітіргеннен кейін, арман қуып қалаға келдім. Өкінішке орай, жоғары оқу орнына грантқа түсе алмадым. ҰБТ-да жинаған балым колледжде білім алуға ғана жетті. Ата-анам жатақханаға жайғастырып, жағдайымды жасап ауылға қайтып кетті. Колледжде озат оқыдым деп айта алмаймын.

Нәтижесінде шәкіртақыдан қағылып, қаржыдан қысылып жүрдім. Сабағымның нашарлап кеткенін үйдегілер білмейтін. Бастапқыда даяшы болып еңбек етіп жүрдім. Түнімен тойханада қызмет жасап, азанда сабаққа әрең тұратынмын. Кейін жанымдағы құрбым бұл әрекетімді құптамай, өзімен бірге жұмыс жасауға шақырды. Бастапқыда түнгі клубтарды аралап, жігіттермен танысып жүрдік. Бір күні түн ішінде құрбым мені өзімен саунаға ертіп баратынын айтты. Бастапқыда шошып кеткенім рас. Өйткені осы уақыт аралығында құрбымның қандай кәсіпті нан қылып жүргенін сезгенмін. Дәл сол аралықта ақшадан қатты қиналып жүрдім, бірақ төсек қатынасында ешқандай тәжірибем жоқ еді. Құрбым бәрін түсінетінін, жақсы клиент тауып беретінін айтты. «Тек осы жолмен ғана көп ақша таба аласың» деп сендірді. Әдетте жезөкшелер осы жолға түсіп кеткендерін біреуден көріп жатады. Алайда мен ешкімді кінәламаймын, бұл менің өз таңдауым еді. 

-    Алғашқы «клиентіңіз» қанша ақша төледі? Бірінші жақындасқаннан кейін бұл кәсіптен бас тартқыңыз келмеді ме?

-    Бірінші клиентім 40-тан асып кеткен үлкен кісі болды. Менің пәк екенімді білгенінде қуанғаны әлі есімді. Шамамен 300 доллардай төледі. Ол кезде бұл қомақты ақша болатын. Біраз уақытқа дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Тіпті құрбыммен араласпай кеттім. Колледжді тәмамдаған соң ауылыма қайттым. Анам құпиямды біліп қоя ма деп қатты қорқатынмын. Ауылда бір жылдай жұмыс іздеп жүрдім, бірақ бос орын табылмады. Осыны сылтауратып қалаға тартып тұрдым. Бастапқыда қонақ үйге администратор болып орналастым. Жеңіл жүрісті қыз атанғым келмеді. Бірақ тағдырымнан қашып құтыла алмадым. Қаржыдан қысылған сәтте баяғы құрбымды өзім іздеп тауып алдым. Былтырғы жылға дейін осы кәсіппен айналысып, қаржы тауып келдім. Ата-анам мені туристік агенттікте жұмыс жасайды деп ойлады. Тапқан ақшамның бір бөлігін ауылға жіберіп, жақындарыма көмектесіп тұратынмын. 

-    Өткен жылы не өзгерді сонда?

-    Өткен жылы мына індеттің салдары бізге де кесірін тигізіп кетті. Бұрын тұрақты клиенттерім болатын. Тіпті тоқалдықты ұсынатын бай азаматтар да бар еді. Карантин кезінде олардың ешқайсысы іздемейтін болды. Денсаулықпен алысып жатқан адам қыздың ыстық құшағын қайтсін. Бастапқыда жинаған ақшамды жаратып жүрдім. Жағдай түзелер деген үмітіміз болды. Бірақ күндердің күнінде пәтерақымды төлейтін ақша таба алмай қалдым, тіпті азық-түліктен тарығатын сәттер де туды. Амал жоқ, ыдыс-аяқ жуушы болып жұмысқа орналастым. Қазір де сол жақта жұмыс жасаймын. Әрине табысым баяғыдай көп емес. Дегенмен күнкөрісіме әзірге жарап тұр. Баяғы «мамандығыма» оралғым келмейді.

-    Қазіргі әріптестеріңіз бұрыңғы «түнгі көбелекпен» жұмыс жасап жүргендерін біле ме? 

-    Мен өткен өмірімді ешкімге айтпаймын. Қазір жүрегіме тыныштық орнаған. Осы тыныштықты бұзғым келмейді. Әрине, жұмыс барысында немесе көшеде бұрынғы клиенттерімді кездестіріп қаламын ба деп қорқатыным рас. Қазір өзім жұмыс істейтін кафеде мен туралы шындықты білетін адамдар жоқ. Мен өз құпиямды ешкіммен бөліскім келмейді. Ең бастысы міндетімді адал атқарамын. Тауып отырған қаражатым көп болмаса да, берекесі мол.

-    Келешекте қандай арман-мақсаттарыңыз бар?

-    Биыл менің жасым 27-ге толды. Менің қатарластарымның отбасы мен балалары бар. Мен де өз теңімді тауып, шаңырақ көтергім келеді. Әрине, мен арым мен тәнім былғанған әйелмін. Дегенмен уақытында тәубеме келдім деп ойлаймын. Мен өткен өміріме үңілмейтін, маған қолдау білдіретін азаматты іздеймін. Өз отбасым болғанын армандаймын. Әйел бақытын мен де сезінгім келеді.

-    Гүлнәз, сұхбатыңызға көп рақмет!

 


 

Талқылау