Тоқаев Украинада қастандық жасалған "Бәсе" ютуб каналының авторына қатысты пікір білдірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Ол “Бәсе” YouTube арнасының авторы Айдос Садықовтың Украинада атылуына қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстанда заң үстемдігін қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда/Kom1.net
Тоқаев Айдос Садықовқа жасалған шабуылға қатысты дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы Украина тарапына ресми сұрату жіберу туралы тапсырма берді.
“Елімізде заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада ең әуелі заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет”, – дейді мемлекет басшысы.
Ол қажет болса, тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін жеткізді.
“Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді”, – деді президент.
Еске салсақ, журналист Айдос Садықты Украинада атып кеткені айтылған еді. Бұған дейін қазақстандық блогерге ота жасалғаны туралы жаздық.