Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев тасқынның салдарынан баспанасынан айырылғандарға үй салып беруді тапсырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҚО-да тасқынға байланысты жедел штабтың отырысында үкіметке жаңа типтегі үйлер салу не бұрынғы үйлерді жөндеуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото ашық желіден

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді. Мемлекет басшысы БҚО-дағы су тасқынына байланысты жедел штабтың отырысын өткізген.

Мемлекет басшысы су тасқынына қатысты жағдай әлі де өте күрделі екенін атап өтіп, мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды.  Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Алайда қазіргі су тасқыны одан әлдеқайда ауқымды.



“Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті.  Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын”, – деді президент.

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы БҚО-да су тасқынынан үйлері зардап шеккен тұрғындармен кездескен еді.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек Қазақстанның 12 облысында су тасып, қауіп төндіріп тұр. Бұған дейін Оралда су тасқынына байланысты тұрғындарды эвакуациялау басталғаны жазылған.

Талқылау