Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев: Орыс тілінің мәртебесін шектемеуіміз керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында әсіреұлтшылдық пен радикализмге бой алдырмай, қазақ тілін дамытамыз деп орыс тілінің мәртебесін шектемеу керектігін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев

"Тіл мәселесінің астарында үлкен саясат бар. Сондықтан бұл тұрғыда асығыстық пен жалаң ұрандату мемлекеттігімізге кесірін тигізуі мүмкін. Жалпы алғанда, жоғары оқу орындарында нақты ғылымдарды орыс тілінде оқыта берген жөн. Осы ретте бізге Малайзияның тәжірибесі үлгі бола алады. Бұл ел алғашқыда ағылшын тілінен бас тартып, кейіннен ойлана келе, оны жоғары оқу орындарында және дипломатиялық қарым-қатынастың құралы ретінде қалдырды. Біздің өскелең ұрпақ қазақ тілімен қатар, орыс тілін де еркін меңгеруі керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пікірінше, мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағылшын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал.

"Қазір демографиялық ахуалдың өзі қазақ тілінің ұпайын түгендеу бағытына қарай дамып келеді. Яғни біз алға қойған мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады", - деді мемлекет басшысы.

Талқылау