Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев мәдениет пен өнер қызметкерлерін "Парасат" және "Құрмет" ордендерімен марапаттады

Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысып, қызметкерлерді мерекемен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала екенін айтты. 

“Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы "Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы" деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады”, – деді президент.

Ел басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізді. Сонымен қатар ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті.

“Былтыр Мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық. Бүгінде мемлекет осы маңызды саланың инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән береді. Тек кейінгі үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, 168 жаңа нысан салынды. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Кейінгі отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді, – делінген Ақорданың баспасөз хабарламасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты жақында толықтай қайта жаңғыртылатынын айтты. Бұл жұмыс аталған өнер орталығының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады.

“Былтыр менің Жарлығыммен еліміздегі іргелі мәдениет ордаларына "ұлттық" және "академиялық" мәртебесі берілді. Бұл шешім өнер ұжымдарының шығармашылық өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне жол ашатыны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады", – деді президент.

Бұдан бөлек іс-шарада президент мына азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

“Парасат” орденімен:

Тікішев Темір – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы.

“Құрмет"орденімен:

  • Асқаров Азамат Асқарұлы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртісі;
  • Ахатов Асылбек Құсымұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртісі;
  • Әбілдина Ғайнижамал Байкәрімқызы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры;
  • Джулмухамедова Айжан Абылайханқызы – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы;
  • Карменова Тоғжан Жанатқызы – А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі директорының орынбасары;
  • Қалдыбаева Гүлжан Ақмәдиқызы – Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің суретші-реставраторы;
  • Құлыш Қапаш Қабыкенқызы – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры;
  • Медеубаева Светлана Магнитқызы – А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің бөлім басшысы;
  • Молдашева Гүлзира Бәкірқызы – Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің бас қор сақтаушысы;
  • Мұртазина Қарлығаш Төкенқызы – "Айгүл" ВАА вокалисі;
  • Насирова Гульбахар Касимовна – Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының бөлім меңгерушісі;
  • Тоқжанов Төлепберген Торахметұлы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.

“Ерен еңбегі үшін” медалімен:

  • Ақпасова Бәтеш Рахметжанқызы – Қазақстан Республикасының ұлттық музейінің қызмет басшысы;
  • Бисенғалиев Мұрат Құмарғалиұлы – А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының аға оқытушысы;
  • Жабаева Әлия Шүйіншәліқызы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры режиссердің көмекшісі;
  • Омирбекова Марина Сергеевна – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры аккомпаниатор-концертмейстері.

“Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағы:

  • Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері Айсын Жексен Қуанұлына;
  • А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы Ақмолдаев Саян Досмахамбетұлына;
  • Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас хормейстері Темірбекова Әлия Жанәбілқызына берілді.

Еске салайық, 6 мамырда мемлекет басшысы “Жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру туралы” жарлыққа қол қойып, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге үлес қосқан бір топ азаматты марапаттаған еді.

Талқылау