"Тоқаев советтік әдісті емес, Қытай жолын таңдады": Ресейлік сарапшы елімізде орын алған жағдайға қатысты пікір білдірді
"Утренний Мардан" подкастының жүргізушісі, журналист Сергей Мардан бағдарламаның кезекті шығарылымында Қазақстандағы жағдай туралы пікір білдіріп, өзіндік бағасын берді. Оның сөзінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси ахуалды ретке келтіру үшін советтік емес, қытайлық әдісті таңдаған.
Сергей Мардан Қазақстанның көп ұлтты ел екенін және Н. Назарбаев бұл мәселені оңай ретке келтіргенін айтты.
"Қолыма 1993-1994 жылдары жарияланған мақала түсті. Мұнда Назарбаев жаңадан құрылған Қазақстанның болашағына көп ұлтты ел болуы кері әсер етуі мүмкін екенін айтады. Яғни Қазақстанда қазақтардың саны аз болды. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені 30 жылда шешті. Өзге ұлт өкілдерінің саны азайып, қазақтар саясатта да басымдыққа ие болды", – дейді Сергей Мардан.
Сонымен қатар журналист елімізде қаңтардың басында орын алған жағдайдың Ресейде де болуы мүмкін екенін жасырмады. Оның сөзінше, Қазақстандағы жағдай – өте ауқымды мәселе.
"Ресейліктерді басқару өте оңай. Олар бір ай бұрын ғана қазақстандықтарға жандары ашып, үш жүздің тарихын зерттеп отырған. Ал қазір барлығына бәрібір. Негізі Қазақстандағы жағдай – өте ауқымды мәселе. Өйткені ол жақтағы жағдай лезде Ресейде де орын алуы мүмкін.
Қазір сарапшылар Владимир Путиннің Назарбаевтың әрекетін қайталамайтынын айтып жатыр. Ол Назарбаев секілді артына ізбасар қалдырып, оның билігін конституциялық деңгейде шектемейді дейді. Дегенмен бізде де 4 жыл Медведев басқарғанын ұмытпау керек. Әйткенмен Медведевтің билігі мүлде шектелмеді", - деп қосты журналист.
Сергей Мардан Қазақстанның мүлде басқа "жолмен" кеткенін айтады. Оның сөзінше, Назарбаевтың билігі бір демде құлаған. Әрі ол қаңтар оқиғасын "төңкеріс" деп те атады.
"Төңкеріс 5 қаңтарда болды. 1 ай өтпестен, 28 қаңтарда Nur Otan партиясының съезі өтті. Неліктен өткізгенін нақты түсінбедім. Себебі Қазақстандағы демократияны "демократия" деп айтуға келмейді. Олар сол кезде-ақ жаңа басшы тағайындап, өзге партия құра алар еді. Алайда билік басындағылар басқа жолды таңдады. Назарбаевты партия басшылығынан алып тастап, Тоқаевты сайлады", – дейді журналист.
Мардан Президенттің партия съезінде айтқанын мысалға келтіріп, Тоқаевтың саясатын талдады. Ол Президенттің әрекетін "Қытай жолын таңдау" деп бағалады.
"Елбасы туралы жылы сөздер айтты. Өте сабырлы кейіп танытты. 100 пайыз советтік емес, Қытай жолын таңдады. Бізде Сталин қайтыс болған соң оның әрекеттерін әшкере еткенін білесіздер. Ал Қытайлар Мао Цзэдунды қадірлейді. Тәуелсіздік алып бергенін алға тартып, оның шешімдерінің 70%-ы дұрыс, 30%-ы дұрыс емес дейді. 30% үшін ғана Маоны жаман етіп көрсеткен жоқ. Тоқаев та дәл солай жасады. Менің ойымша, ол басқа жолды таңдай алмас еді. Оның үстіне Назарбаев әлі тірі", – дейді Сергей Мардан.
Журналист съезд кезінде Назарбаевтың партия мүшелерін Тоқаевқа дауыс беруге шақырғанын айтады. Оның сөзінше, бұл Елбасы мен Тоқаев арасында келісім жасалғанын білдіреді.
"Назарбаевтың бұл шешімі үшін Тоқаев оның туыстарына тиіспеуге уәде беруі мүмкін. Кейбір активтерін тартып алады және лауазымды қызметтерден босатады. Қазақстан шетелге ақша шығарудың құралы болды. Қазір Назарбаевтың отбасына шетелдік банктерде жасырған ақшасы толығымен жетеді. Бірнеше активтерін алғаннан ештеңе өзгермейді. Ең үлкен қор билік дер едім. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлының жағдайында оның қолындағы билік те таусылды. Билік болмаса барлығы нөлге теңеледі", - деп қосты Мардан.
Журналист саяси өзгерістерден кейін Қазақстанда екі түрлі сипатта орын алуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Біріншісі, Назарбаевтың отбасынан активтерді тартып алғанымен, орнына сайланған адамдар арқылы басқаруын жалғастыра береді. Тек қағаз жүзінде ғана басшылық ауысады. Екіншісі, Тоқаев расымен реформа жүргізіп, барлығын өзгертеді. Қалай дегенмен, Қазақстан бізді әлі талай таңғалдырады", – деп түсіндірді Сергей Мардан.