Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев қаржылық пирамидалармен күресуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураның, облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы прокуратуралар басшыларының қатысуымен бейне байланыс режимінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Президент құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру міндетін алға тартты. Бұл ретте мемлекет басшысы қаржылық пирамидалар мәселесіне ерекше тоқталған. 

"Мысал ретінде, көптеген азаматтарымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Тек бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көптеген адамдарды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді. Қайта құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек. Бұл жерде қаржы мониторингінің ақпараттық ресурстарын пайдалануға болады. Сондықтан осы саладағы қылмыстың алдын алу үшін олармен толыққанды ынтымақтастық орнатқан жөн. Жалпы, прокуратура мұндай мәселелерде барынша белсенді, бастамашы болуы тиіс",  деді Президент.

Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының іс-қимылдар үйлестіруді жолға қоюды тапсырды.

"Өкілеттіліктерді бір-бірінен алу, әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік. Ешкімнің өз құзыретінен айрылғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ мәселенің төркінінде жеке амбициялар мен мекеменің мүдделері емес, барша қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұруы тиіс. Осыған байланысты Үйлестіру кеңесінің қызметін қайта жасақтау қажет. Оның міндеті ішкі істер органдарындағы, қаржы мониторингі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі реформаларды үйлестіру, барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін жақсартудың жаңа тәсілдерін іздестіру", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талқылау