Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев допингпен ұсталған спортшыларды сыйақыдан айыру туралы заңға қол қойды

Мемлекетбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев допинг пайдалағаны үшін ұсталған спортшыларды сыйақыдан айыру туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәлімдеді. 

Президент «ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар туралы» заңға қол қойды. Заң допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған.

Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеттілігі туындады. Заңнама бойынша  заңбұзушылыққа жол берген адамға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Сондай-ақ бұл заңда допингті пайдаланғаны үшін дисквалификациялау, спортшының спорттық нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын немесе балдарын алып тастау, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару, спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай қамтуды тоқтату, спорттық атағынан айыру сияқты жазалау қарастырылған. 

"Бұған қоса заңда Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жыл мерзімге жалға беру үшін тұрғын үй беру, сондай-ақ допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты осы мерзімге аталған тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген және егер осы кезеңде сынамаларда допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігіне берілетін болады", - делінген баспасөз-хабарламасында.

Бұл ретте, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы немесе жүлдегері, ҚР спортшысы қайтыс болған жағдайда, допингтік сынаманың нәтижесіне қарамастан қайтыс болған  мұрагерлерінің тұрғын үйді өтеусіз алуы көзделіпті.

Естеріңізге салайық, бұған дейін қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионы атағы және басқа марапаттарынан айырылғаны айтылған еді.

 


 

Талқылау