Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев ауыл шаруашылығындағы жемқорлықты сынады: "Министрлік пен әкімдер мұндай былық үшін жауап беруі тиіс"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жайында Ақорда сайтында жазылды.

Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тоқтаусыз күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Мемлекет басшысының ойынша, заң үстемдігін орнатып, шынайы құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлықты жою қажет.

Президент соңғы жылдары бұл бағытта маңызды қадамдар жасалғанын атап өтті. Соттардың сапалы жұмыс істеуі бойынша нақты шаралар қабылданып, үш жылда 174 судья қызметінен босатылған я болмаса лауазымы төмендетілген. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға алты айда 14 мың талап арыз түсіп, оның жартысында арызданушылар жеңіп шыққан. Қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Соның нәтижесінде өткен жылы прокурорлар 3500-ге жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуының жолын кескен. Сондай-ақ бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды.

"Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға  қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде", – деді Тоқаев.



Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысушыларды өзінің тапсырмасы бойынша әзірленген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын мақұлдайтынын хабарлады. Алайда жұмыстың тиімділігі нақты нәтижемен бағаланатын болады. Түпкі мақсат – жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу құқық қорғау органдарының жұмысынсыз мүмкін емес деп санайды.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу құқық қорғау органдарының жұмысынсыз мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.

"Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион  теңге бөлді. Осы уақыт ішінде  аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек", –  деді президент.

Талқылау