"Адамша ескертсе болар еді": Құдайбергеновтер филармониядан қуылуына қатысты пікір білдірді
Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер Алматы облысы Сүйінбай атындағы филармонияда 33 жыл еңбек еткендерін айтады. Жуырда филармония басшылығы ерлі-зайыптыларды жұмыстан шығарған. Бұл өнер қайраткерлері үшін күтпеген жағдай болған. Көңілдеріне қаяу түсірген оқиға жайлы Құдайбергеновтер Hit-TV арнасының "Менің өмірім" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Зейнетке шыққаннан кейін де жұмыс істей бересіздер деген. Жарты ставкамен жұмыс істеп келе жатқанбыз. Бірақ аяқ астынан басшылық солай шешім қабылдады. Штаттар қысқартылып жатыр, енді сіздерді шығарып салайық деді. Енді бұл өнерден қол үзгеніміз емес.
Олар солай шешім қабылдағаннан кейін, қарсы болған жоқпыз. Бірақ қай уақытта болмасын, жұмыс істей береміз ғой", – дейді Айткүл Құдайбергенова.
Жұбайы сабырлылық танытқанымен, Қанат Құдайбергенов филармония басшылығына деген назын жеткізді.
"33 жыл жұмыс істеген жерімізді қимаймыз ғой. Өзі айналдырған 4 еңбек сіңірген әртіс бар. Зейнет жасындасыздар деп төртеумізді бірдей жұмыстан шығарып жатыр. Оны алдын ала адамша ескертсе, дайындалып, қоштасу концертімізді жасап, филармонияға деген құрметімізді көрсетіп кетуімізге болар еді.
Бірақ аяқ астынан болғаны дұрыс болмады. Төбемнен жай түскендей болды. Әлеуметтік желіде: "Бізді жұмыстан шығарып жатыр. Әлі де сахнада жүретін күш-қайратымыз бар. Таңды таңға ұрып ән айтып, күй тартатын жағдайымыз бар. Жастарға береріміз көп, үлгі болатын адамбыз. Бұл қалай? Сіздердің пікірлеріңіз?" - деп халыққа жай ой тастадым. Неше түрлі пікір кетті", – дейді Қанат Құдайбергенов.
Әйтсе де, жұлдызды жұптың айтуынша, филармония оларды үлкен құрметпен шығарып салған. Тіпті алдағы уақытта шығармашылық кеш ұйымдастырып беруге уәде берген.