Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тіл туралы 7 өлең

Қазақ ақындарының ана тілі туралы жазған ең үздік шығармалары. Топтамада Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қадыр Мырза Әли, Мұзафар Әлімбай сияқты қазақ әдебиетінің белді тұлғаларының туындылары бар.

Төрт ана

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері - түп қазығы, айбыны,
Туған тілі - мәңгі өнеге айдыны,
Жан байлығы, салт-дәстүрі-тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы.
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана-тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес - күрестердің ұлысы.

Мұхтар Шаханов

 

Үйретеді кім оған ана тілін

Қызғалдақтай атылған қара түрін,

Ата-ананың дегендей қанатымын.

Сен екеуің сөйлейсің басқа тілде,

Үйретеді кім оған ана тілін?

Сол емес пе күні-түні қарайтының?

Бақытына өміріңнің балайтының.

Інім, өзің сөйлейсің, басқа тілде,

Үйретеді кім оған Абай тілін?

Ол да өзіңдей дегбірсіз күтті әр күнін,

Ер жеткен соң өмірдің құптар құнын.

Басқа тілде сөйлейсің інім өзің,

Үйретеді кім оған Мұхтар тілін?

Үйретеді кім оған қазақ тілін?

Еркін құстай елім де азат бүгін.

Жаманбыз ба сонша біз, ойлашы өзің,

Шылауында кетердей боз аттының.

Саған айтам қазақтың қара көзі,

Басталды ғой заманның жаңа кезі.

Үйрет оған өз тілін, ана тілін,

Басқа тілді үйреніп алады өзі.

Тұманбай Молдағалиев

 

Қазақ тілі

Сүйемін туған тілді - анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.

Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, "құлыным", "жаным" деген
Сол тілменен бірінші білгізілген:
"Ана" деген сүйгендік сөз әм менен

Қылжықтап, алып қашып құрбы бөркін
Сол тілменен ойнадым далада еркін
Сол тілменен бірінші сыртқа шығып
Өмірде ен далада ұққан көркім.

Сұлтанмахмұт Торайғыров

 

Қазақ тілі

Күш кемiдi, айбынды ту құлады,
Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады.
Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құсты қос қанаты қырқылды,
Күндей күштi күркiреген ел тынды.
Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!
Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың, —
Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың...
Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!

Мағжан Жұмабаев

 

Анам тілі

Қадірлі, бағасы алтын анам тілі,
Сенімен бағаланған балаң түрі.
Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп,
Сенімен әлдилеген анам мені.

Бесікте белім буып бітіскемін,
Сөйлесіп шешем жүнін түтіскемін.
"Апа", - деп, "Ә", - деп жылап, аузымды ашып,
Емшектен еңбек қылып сүт ішкемін.

Маңымды сеніменен танығамын,
Сеніменен қуанып, налығамын.
Дене ауырлап, жан жалқау тартқан шақта,
"Уһ" деп шаршап, дем алып шалығамын.

Тілегенім, қорыққаным – бәрі де сен,
Сасқанда да жармасам ойбайыңмен.
Апкәусар болса дағы ұжмақтағы,
Тәттілікті көрмеспін сенімен тең.

Ілияс Жансүгіров

 

Ана тілің – арың бұл

Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.

Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!

Қадыр Мырза Әли


Ана тілі
Ана! - десем ана тілі ойға оралар. 
Баладай қуанарсың тойға барар. 
Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл 
Олжам да қанжығама байлап алар. 

Тере білсек бір -бір ауыз қара өлең, 
Неше миллион інжу-маржан шамамен?! 
Қанша гүлден -қазақ тілі бақшасы, 
Қандай дана өлшер қандай бағамен?! 

Ерке тіл, еркелеткіш тілім кенім: 
Еркежан, айналайын, күнім менің, 
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым, 
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің! 

Ана тілім ырысты ма, кұнды ма? 
Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла. 
Туған тілде ас қайырған сайын да, 
Оқығандай серпіліп қал бір дұға. 

Шұлғытар орыс тілді Олжастарды, 
Жарқырат қазақ тілі алмастарын. 
Халқына олжа салған айта алады, 
Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?! 

Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым, 
Өміршең өзіміздің тілден таптым. 
Тіл екен жемістісі, жұпарлысы, 
Аялап халық баққан гүл мен бақтың.

Мұзафар Әлімбай

 

 

 

 

Талқылау