"Техника жоқ": Қарағанды облысында ауқымды өрт шығып, оны тұрғындар өздері сөндіріп жатыр
Қарағанды облысында төтеншеліктер бірнеше күннен бері өртпен күресіп жатыр. Жалын бірнеше күн бұрын Шет ауданынан басталған. Енді қазір Жанатоғам ауылына жақындапты. Мұны журналист Керім Аянқызы Threads парақшасында мәлімдеді. Оның сөзінше, жалынды сөндіретін техника жоқ, тұрғындар өрттен өздері қорғанып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистің сөзінше, өңірдегі өртті тұрғындарың өзі сөндіруге тырысып жатыр.
“Біздің ауылға көмек керек! Ауылда өрт өршіп жатыр. Қажет дұрыс техника жоқ. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңатоған (Бейбітшілік) ауылы. Қанша адамның шөбі, қыстағы өртенді. Әрқайсымыздың әкеміз, туғандарымыз ауыл адамдары осы өртті сөндіріп жүр. Ауыл ішіне жақындап қалыпты. Сыныптасымыздың папасын 50% күйік шалып, ауруханаға алып кетіпті. Жалғыз ауыл адамдарының күші жетпейді. Жанымыздан жан қалмады алаңдап. Неге аудандарда дұрыс техника жоқ? Қашан қамтылады? Жылда осы ғой. Қанша адамның еңбегі, жинаған шөптері жанып кетті. Шет ауданынан бірнеше күн бұрын басталған. Дұрыс техника жұмылдырса ауыздықтауға болатын еді ғой”, – деп жазды журналист.
Аталған жағдайға Төтенше жағдайлар министрлігі үн қатты.
Олардың мәліметінше, өрт Жаңатоғай ауылының маңында сөндіріліп жатыр. Өрттің елді мекен аумағына таралуына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдардың күші мен құралдары жұмылдырылған.
“Өртті сөндіру жұмыстарына желдің екпіні, жер бедерінің таулы болуы кедергі келтіріп жатыр. Бұл өрт ошағына жетуді қиындатып, жалынның одан әрі таралу қаупін арттырып отыр. Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда. Өрт орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қосымша күштері мен құралдары жіберілді. Өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр”, – делінген хабарламада.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті күштер мен құралдардың жұмысын үйлестіретін жедел штаб құрылғанын хабарлады.
Тұрғындар не дейді?
Жұрт желіде техниканың жоғына таңғалып отыр.
“Қарқаралыдағы ағамнан сұрадым. Бар техниканың күші мұндай өртті тоқтатуға жетпейді. Өрттің алдын ауыл болып бірігіп, тоқтатуға тура келеді дейді. К-700 тракторлары жоқ па екен? Алдын ала жерді қазып, өрттің таралуына жол бермеуге болмас па еді?”.
“Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңатоған ауылына көмек керек. Көптеген гектар жерлер қыстақтар өртеніп жатыр техникалар керек!”, – деп жазды бірі.
“Біз Бесобадан. Биыл қыста бізге техника берген. Бірақ соны жүргізетін жүргізушіге штат ашып бермей, техника бос тұр. Осыдан-ақ жағдайдың қаншалықты мүшкіл екенін білуге болады. Әр ауылда техника болса бір-біріне барып, өрт басталғанда алдын алатындай болса ғой, шіркін!Қарқаралы неге облыстан күш сұрамайды? Адам күйіп, өлу керек пе?”.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында жанар-жағармай бекетінде ірі өрт шыққаны туралы жазған едік.