"Жәрдемақы сұрамады": Алматы әкімдігі балаларымен терезеден секіріп кеткен әйел жайлы айтты
Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жақында терезеден секіріп кеткен әйелдің әлеуметтік көмек сұрағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Басқарма басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы отбасының Шымкентте тіркелгенін және әлеуметтік көмекті сол жақтан алғаны туралы мәлімдеді. Марқұм мен оның күйеуі Нұрсұлтан Оразов жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрмаған.
"Ақпараттар Шымкент қаласының базасында сақталғандықтан, қандай көмек алғаны туралы білмейміз. Алматыдағы пәтерді тамыз айынан бастап жалға алған. Мұнда әлеуметтік көмек алу үшін уақытша немесе тұрақты тіркеуі болуы тиіс. Біздегі мәліметтерге сәйкес олар Алматыда тіркелмеген және орталыққа көмек сұрап келмеген. Соңғы рет Шымкентте өтініш білдірген", - деді Данияр Әлкебайұлы.
Ол отбасының қалаға тек тамыз айында көшіп келгенін де қосып өтті. Алайда марқұмның күйеуі Алматыда 6 жыл тұрғанын айтқан.
"Ақпараттар базасында олардың Шымкентте тіркелгені көрсетіліп тұр. Бізде мәліметтер көрінбейді, тек көмек сұрап келгені туралы деректер бар, бірақ әрі қарай көре алмаймын", - деп түсіндірді Әлкебайұлы.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы шағын аудандарының бірінде әйелдің үш баласымен 9 қабаттан секіріп кеткені туралы хабарлаған едік.